«Қарызды өтеуге мүдделі емес»: Алматы тұрғындарының ауыз суға қарызы жарты миллиард теңгеден асты

Алматыда мемлекеттік мекемелер судың ақысын уақытылы төлемейді. Жеке компаниялардан бөлек, бюджеттік мекемелердің қарызы да аз емес, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.

Ауыз су мен кәріз қызметі үшін төленбеген қарыз жарты миллиард теңгеден асып кеткен. Алматы Су мемлекеттік мекемесі тұрғындарға да, компанияның басшыларына да ескерту жасады. Тіптен жекелеген тұтынушылардың арасында ауыз суға қарызы бар борышкерлердің берешегі 2,3 миллионға дейін жеткен.

«Кейбір абоненттер кәсіпорын мамандарының жұмысын қиындатады және қарыздарды өтеуге мүдделі емес. Қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу үшін кәсіпорын  әртүрлі құралдарды пайдалануға мәжбүр. Көппәтерлі тұрғын үй секторында пәтерлердің кәріз бұруларын бұғаттау жолымен, жеке секторда және заңды тұлғалар бойынша вентильді пломбалау немесе қазу үшін техниканы тартуды қоса алғанда, құбырдан ажырату жолымен су бұру қызметтерінен ажырату жүргізіледі.

Көп жағдайда өндіріп алу нотариусқа жүгіну және атқарушылық жазба шығару жолымен жүргізіледі, ол заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін заңды күшіне енеді және кейіннен орындалмаған жағдайда жеке сот орындаушыларына беріледі. Атқарушылық жазбаны шығару процесі бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеде автоматтандырылған, ол арқылы бұдан әрі ТЖК беру жүргізіледі. Бұл рәсім қолданыстағы заңнамамен бекітілген», — деп хабарлады «Алматы Су» МКК баспасөз қызметінің жетекшісі Ақбота Жылысова.

Бүгінде алматылықтардың ауыз суға берешегі 600 миллион теңгеге жуықтаған. Оның ішінде жеке тұлғалардың қарызы 265 миллион теңгеен асса, бюджеттік ұйымдардың қарызы 6 миллионнан асады. Бизнес саласындағы тұтынушылардың қарысы 326 миллионнан асып кеткен.

«Дебиторлық берешектің болуы кері әсерін тигізеді. Қызметкерлердің жалақысын уақтылы төлеу, салықтар мен бюджетке төленетін өзге де төлемдер бойынша, электр энергиясы үшін өз міндеттемелері бойынша төлемді орындау, суды өндіру, дайындау және тасымалдау, сарқынды суды бұру, тазарту кезінде пайдаланылатын реагенттер мен өзге де шығыс материалдарын сатып алу қажет. Қарызы көп заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін өндіріп алу сот органдарына жүгіну арқылы жүзеге асырылады. Жеке сот орындаушылары атқарушылық іс қозғалғаннан кейін борышкерге қатысты мәжбүрлеп жазалау шараларын қолданады. Тәжірибе көрсеткендей, жеке тұлғалардың берешегін нақты өндіріп алуға бағытталған неғұрлым тиімді шаралар борышкердің жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салу, жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуын шектеу болып табылады», — деп ескертті Жылысова.

Тұтынған судың қарызын төлемейтіндердің арасында ірі тойхананың иелері де бар. Медеу ауданындағы қымбат тойхана иесінің ауыз суға берешегі 1,5 миллион болса, кәріз жүйесінің қызметіне төлейтін ақы жарты миллион теңгеге жуық.

«Атқарушылық іс жүргізу шеңберінде қатаң ықпал ету шараларын қолданудың әсері айтарлықтай байқалады. Өткен жылы атқарушылық іс жүргізу шеңберінде берешекті өндіріп алу жөніндегі жиынтық көрсеткіштердің деректері бойынша борышкерлердің 50% — дан астамы бұл жағдайда берешекті төлеуді жөн көреді. Дегенмен осындай іс-шараларға жеткізбей уақытылы берешектерді төлеп отырғандары әлдеқайда тиімді. Қарызы көп тұтынушыларға су беруді тоқтату жалғаса береді», -деді ол.