Қарағанды қаласында есірткі жасырумен айналысқан студент 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Жоғарғы соттың мәліметінше, Қарағанды политехникалық колледжінің 17 жастағы 3 курс студенті интернеттен «курьер қажет» деген хабарландыру көрген.
Хабарландыруда көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалып, жұмыстың қиын емес екенін, сонымен қатар жалақысының жоғары екенін біледі.
«Алынған геолокация бойынша 5-15 жиынтық тауып, оларды бір-бірден орап, Қарағанды көшелеріне жасырып келген. Кураторына фотоесеп жіберіп отырған. Әрбір салынған орама үшін банк картасына 2,5 мың теңгеден аударым алып отырған, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған», — делінген хабарламада.
Былтыр қараша айында ол полицияның қолына түсті. 15 ораманы алып шығып, оның төртеуін жасырып үлгерген.
Оған Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі 1, 3, 5 тармақшалары бойынша айып тағылды. Сотта айыпталушының кінәсі дәлелденді.
Соттың үкімімен студент айыпты деп танылып, ол 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Судья оның кәмелетке толмағанын ескерді, — делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енді.
Фото: Pixabay