«Қамауға алынды»: Антикор Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровтің ұсталғанын растады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровтің ұсталғанын растады, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. 

«Қамауға алынғанын растаймыз, әзірге істің мән-жайы туралы мәлімет берілмейді», — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметінен.

Бұған дейін Өсеровтің аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен үй қамағына алынғаны туралы айтылды. Оған 2019 жылы Алматыда коммуналдық меншік объектілерін сауда-саттықсыз сатқаны, мемлекетке 819 млн теңге мөлшерінде залал келтіргені, сот үкімі бойынша тәркіленген үш коттедж және бағалау туралы жалған есептер бойынша аффилиирленген тұлғаларға сатылған екі пәтер бойынша айып тағылғаны атап өтілді.

Ілияс Өсеров 1985 жылы Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Тұран-Астана Университетін бітірген.

Еңбек жолын 2007 жылы «Сбербанк» АҚ әкімшісі, жетекші маманы, менеджері болып бастады. 2009-2010 жж. – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат департаментінде түрлі лауазымдар атқарды. 2010-2013 жж. – ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Инвестициялық саясат департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы. 2013-2014 жж. – ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің басқарма басшысы. 2014-2015 жж. – Қаржы, ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау департаменті Ақпараттық қауіпсіздік басқармасының бас сарапшысы; ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы. 2015-2019 жж. – Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, басшысы. 2019 жылы Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болды.

Өсеров 2019 жылғы мамырдан 2022 жылғы наурызға дейін Алматы әкімінің орынбасары болды, содан кейін 2022 жылғы наурызда Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды.