Бұл туралы Бас Прокурор Берік Асылов автомобиль жолдары саласындағы тексерулердің нәтижелеріне арналған кеңейтілген алқа отырыста мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq.today.
Ол орасан зор бюджет қаражатының бөлінетініне қарамастан, автожолдардың сапасы азаматтардың наразылығын тудыратынын атап өтті.
«Тексеру нәтижелері көптеген бұзушылықтарды анықтады, соның ішінде тапсырыс берушілердің орындалмаған жұмысқа ақы төлеуі, сметалық құнды асыру, жобалардан ауытқу, құрылыс нормаларын сақтамау деректері кездесті. Бүгінгі таңда тексеру материалдары бойынша қылмыстық істер қозғалды, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, залалды өтеу шаралары қабылдануда»,-деді Бас Прокурор.
Құқық қорғау органдары «Қалбатау-Майқапшағай» және «Қарағанды-Балқаш» автожолдарын салу кезінде жұмыстарды орындамау және қаражат жымқыру фактілерін тексерді.
«Ұзындығы 800 км-ден асатын бұл жол учаскелерін шетелдік қатысуы бар консорциумдар сыртқы қарыз қаражаты есебінен салып жатыр, оның шеңберінде Қ.Сатыбалдыұлы құрылымдарымен байланысты «ҚазГерСтрой БК» ЖШС жұмыстарды бірлесіп орындаушы ретінде тартылды.
Тек «Қалбатау-Майқапшағай» жобасы бойынша «ҚазГерСтрой БК» ЖШС 21,4 млрд теңге аванстың едәуір бөлігін автожолға байланысты емес басқа мақсаттарға, оның ішінде кредитке ақы төлеуге жұмсады. Ол үшін мердігер күдікті капиталды шығару схемаларын қолданды»,-деді Берік Асылов.
Бас Прокурор жағдай тек жазалау шараларымен өзгермейтінін, бүкіл саланы түбегейлі қайта құру қажет екенін атап өтті.
Qazaq.today