«Қалалардың келбеті көңіл көншітпейді»: Тоқаев әкімдерді сынға алды

Қазақстандағы барлық деңгейдегі қалалардың келбеті көңіл көншітпейді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды Qazaq.today.

«Біз республикамыздағы бүкіл қалалардың, әсіресе Астананың жағдайына баса назар аударуымыз керек. Мойындайықшы, қалаларымыздың келбеті көңіл көншітпейді. Балалар ойнайтын алаңдар дұрыс жабдықталмаған, үйлер ала-құла. Шетелге шыққанда, әсіресе Шығыс Еуропаның, Балқандағы қалалардың келбетіне қарап, көз сүйсінеді. Тап-таза. Бұл бір жағынан сол қала әкімшілігінің жұмысы болса, бір жағынан халықтың мәдениетіне байланысты», — деді Тоқаев.

Президент елдегі ірі қалалар, соның ішінде елорданың келбеті бүкіл республиканың имиджіне әсер ететінін ерекше атап өтті. Дегенмен президент Астана ғана емес, елдегі бүкіл деңгейдегі қалалар таза әрі әдемі болсын дегенді алға тартты.

«Астана болсын, облыстағы басқа қалалар болсын, бәрінің жағдайы қазір нашар деңгейде. Мына жиында барлық деңгейдегі әкімдер отыр, осы мәселеге назар аударсаңыздар. Жуырда теледидардан бір сюжет көрдім, Семей қаласындағы балалар ойнайтын ауланы көрсетіп жатыр. Ауланың түріне қарасаң, ол жерде тіпті ойнаудың өзі қауіпті екенін түсінесің», — деді облыс орталықтарын да сынға алған Тоқаев.

Президент қала әкімшілігінен бөлек, сол қалалардың тұрғындары да өз көшелерін, өз үйлерін таза ұстасын деген тілегін білдірді.

 

Qazaq.today