2022 жылдың 9 мамыр күні Алматы қаласы Алатау ауданында 4 жасар Дәулен Рамазан Абзалұлы есімді бала үйінің жанындағы құрылыс компаниясы қазып қойған шұңқырға түсіп қайтыс болған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері де бүлдіршіннің кәріз сорғы станциясы үшін қазылған шұңқырға құлап кеткенін растады. Azattyq Ruhy мәселенің жай-жапсарын анықтап көрген деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
Баласын аулада ойнатып жүреген Әйгерім Ошақбаева үйге небәрі 10 минутқа кіргенін айтады. Өйкені дәл сол сәтте 7 айлық кенже қызының жөргегін ауыстырмақ болған екен. Алайда кейін аулаға шығып ұлын таппай қалған.
Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, әлі күнге дейін күдікті тарап жауапқа тарылған жоқ дейді марқұмның анасы Әйгерім Ошақбаева.
«4 айдан бері іс барысы туралы ешқандай ақпарат жоқ. Әлі күнге дейін осы іс бойынша жәбірленуші де, күдікті де анықталмады. Мені жәбірленуші ретінде ешқандай орган бірде-бір рет шақырған жоқ. Меніңше, олар қылмыстық істі жабуға тырысып жатыр. Бәрінің аузын майлап қойған деп түсінемін. Әділдік орнамаса, төтенше шара қолданатынымды бәріне хабарлаймын», — дейді күйініп баланың анасы Әйгерім Ошақбаева.
Қазіргі уақытта жерді қазып ашық тастап кеткен жауапты заңды тұлғалардың тізімі белгілі. Олар: бас мердігер «Нұрай Строй Компания» ЖШС, орындаушы мердігер «Зи-Дан» ЖШС, қосалқы мердігер «Глобал Ресурс» ЖШС.
«Оқиғадан кейін осы фирмалардың өкілдері үйімізге келіп, болған жағдай үшін кешірім сұрап, келтірілген моральдық шығынды өтегісі келді. Бірақ қалайша?! Олар менің баламды қайтара алмайды ғой. Сондықтан түгел жауапқа тартылуын талап етемін», — дейді Әйгерім Ошақбаева.
Сондай-ақ марқұмның апайы Әсел Ошақбаева құрылыс жұмысын атқарушы «Зи-Дан» компаниясы Қайрат Сатыбалдыға тиесілі екенін айтты.
«Менің «Зи-дан» ЖШС-да жұмыс істейтін таныстарым бар. Олардың айтуынша, компания Қайрат Сатыбалдыға тиесілі. Тікелей оның атында болмаса да, сол жүргізген. Сондықтан бұл компания заңды белшеден басып, жауапкершілікті сезінбей келген болуы керек. Бұған дәлел, 4 айдан бері іс қозғалмаған күйі жатыр. Тергеуші бізге құрылыс компанияларының басшылары дөрекілік танытып, шақырған уақытта келмейді деп айтып отыр», — дейді Әсел Ошақбаева.
Ашық дереккөзге сүйенсек, «Зи-дан» ЖШС нарықта 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралдығында компанияның үстінен әртүрлі себеппен сотқа 33 рет арыз түскен. Соңғы шағымды 2020 жылы Алматы қаласының Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы түсіріпті.
Еске сала кетейік, 4 жасар Дәулен құлап қайтыс болған шұңқырға кәріз сорғы станциясын салу-салмауды Алматының Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы біз шешеміз деп БАҚ-қа сұхбат берген болатын. Сол кезде станция салынбайтын болса, шұңқырды толық жабамыз деп уәде еткен еді. Тұрғындардың сөзінше, қайғылы жайттан кейін 1,5 ай өткен соң шұңқырға құм төгілген. Алайда айналасы жартылай темір және жіп тормен қоршаулы тұр. Жергілікті әкімдік бұл жайтқа қатысты редакцияның спауалхатына әлі жауап берген жоқ. Ал компания тарапы телефон тұтқасын көтермейді.
Тақырыпқа орай: Алматыда 4 жасар бала су толы шұңқырға құлап көз жұмды
Алматы қаласы Полиция департаменті қылмыстық іске қатысты әлі тергеудің жүріп жатқанын мәлімдеді.
«Алатау аудандық полиция басқармасының мәліметінше аталған дерек әлі де тергелу барысында. Бүгінгі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабының 2-тармағы бойынша қозғалған қылмыстық істің аясында барлық тиісті сараптамалар мен зерттеулер қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген процессуалдық әрекеттер жүзеге асырылып жатыр. Кінәлі адамдар міндетті түрде заң шеңберінде жазасын алатын болады. Бұл істің тергелу барысы Алматы қалалылық полиция департаметінің басшысы мен Алатау аудандық прокуратурасының жіті назарына алынған», — деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салатанат Әзірбек.