Мәскеудің Щербин соты Ресей Федерациясынан кетіп, сырттай ұзақ мерзімге сотталған Бірінші арнаның бұрынғы қызметкері Марина Овсянникованы ата-ана құқығынан айырды. Судья журналистің бұрынғы күйеуі Игорь Овсянниковтың екі балаға – 17 жасар Кирилл мен 11 жасар Аринаға қатысты арызын қанағаттандырды. Бұған дейін ол сот арқылы Овсянниковты Мәскеудегі пәтерінде тіркеуден айыруға, сондай-ақ қызын қайтарып алуға және оған екі балаға да алимент төлеуге міндеттеуге қол жеткізген.
Жуырда Марина Овсянникованы соғысқа қарсы акциясы үшін 8,5 жылға сырттай сотталды.
Журналистке 2022 жылдың шілдесінде Кремль жанында пикетке шыққаны үшін «саяси жеккөрушілік негізінде» Ресей армиясы туралы «жалған» ақпарат таратты деген айып тағылды. Сол кезде Овсянникова Украинада өлтірілген балалардың суреттері бейнеленген және «Путин – кісі өлтіруші, оның сарбаздары – фашистер» деген жазуы бар плакат көтерген еді.
Бастапқыда прокурорлар бұл пикет үшін 9,5 жылға бас бостандығынан айыруды талап етті, бірақ сот журналисті сырттай 8,5 жылға бас бостандығынан айырды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл Овсянникованың алғашқы көпшілік демонстрациясы емес. Ол өзінің алғашқы наразылығын кешкі жаңалықтардың тікелей эфирінде жеткізген. 2022 жылдың наурыз айында Бірінші арнаның қызметкері ретінде Овсянникова «Соғысты тоқтатыңдар! Үгіт-насихатқа сенбеңіздер, бұлар сіздерді алдап жатыр» деген жазуы бар плакатпен “Время” жаңалықтар бағдарламасының тікелей эфиріне шыққан. Сол күні ол митингілерге шығуға шақырған бейнеүндеу жазды. Бұл үшін журналист «хабарламасыз қоғамдық іс-шараны ұйымдастырғаны үшін» кінәлі деп танылып, 30 мың рубль айыппұл арқалады.
Дереккөз: ulysmedia.kz