Путин Украинада сыртқы басқаруды енгізуді ұсынды. АҚШ билігі елді тек өз халқы басқаруы тиіс екенін мәлімдеді

Ресей президенті Владимир Путин тағы да Украинада легитимді билік жоқ екенін мәлімдеп, елге сыртқы басқару енгізуді ұсынды. Бұған жауап ретінде АҚШ әкімшілігі Украинаны кім басқаратынын тек ел халқы ғана шеше алатынын айтты.

Путин бұл мәлімдемені Мурманск қаласында атомдық «Архангельск» крейсерінің теңізшілерімен кездесу кезінде жасады.

Ол қазіргі украиналық биліктің заңсыз екені туралы тезисін қайталап, кіммен бейбіт келісім жасау керектігін білмейтінін жеткізді. «Қол қойсаң, кейін келесі билік келіп, барлығын жоя салады», – деді Путин.

Кремль Украина президенті мен Жоғарғы Раданың легитимдігін бірнеше рет жоққа шығарып, олардың өкілеттігі аяқталғанын, ал жаңа сайлаудың өтпегенін мәлімдеп келеді. Бірақ бұл мәлімдемелер Украина конституциясы мен заңдарына қайшы келеді, өйткені соғыс уақытында сайлау өткізуге тікелей тыйым салынған. Әлемдегі басқа ешбір мемлекет немесе халықаралық ұйым Украина мемлекеттік институттарының заңдылығына күмән келтірген емес.

Мурманскідегі сапарында Путин саяси тұрақсыздық жағдайында халықаралық тәжірибеге сәйкес уақытша сыртқы басқару енгізілгенін, бұл шараны Украинаға да қолдану керек екенін айтты.

«БҰҰ-ның бітімгершілік қызметі аясында бірнеше рет сыртқы басқару, яғни уақытша әкімшілік енгізілген жағдайлар болды», – деді Путин.

«Бұл шара демократиялық сайлау өткізу, халық сеніміне ие, тиімді үкіметті билікке әкелу және содан кейін ғана олармен бейбіт келіссөздерді бастау мен әлем мойындайтын заңды құжаттарға қол қою үшін қажет», – деп толықтырды ол.

Ресей президенті осыған ұқсас жағдайлар ретінде Шығыс Тимор, Папуа-Жаңа Гвинея және бұрынғы Югославияның кейбір аймақтарын мысалға келтірді.

Путин келтірген мысалдардың барлығы азаматтық соғыс ұзақ жылдар бойы жалғасқан немесе отарлық биліктен босатылған елдерге қатысты.

БҰҰ Бас Ассамблеясы Украинаға қарсы ресейлік агрессияны бірнеше рет айыптаған қарарларды қабылдады.

Вашингтонның пікірі

Жұмаға қараған түні АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің өкілдері Путиннің ұсынысына пікір білдірді.

«Украинадағы басқару жүйесі оның Конституциясы мен халқы арқылы анықталады», – деді Reuters агенттігіне аты-жөні аталмаған АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі.

Дегенмен, бұл мәлімдеме Вашингтонның ресми ұстанымы болып санала ма, ол жағы әзірге белгісіз.

Бұған дейін Трамп Киев билігінің заңдылығы туралы Кремльдің риторикасын қайталап, президент Владимир Зеленскийді диктатор деп атаған болатын.

«Бұл ұсыныс ашу туғызады. Бірақ Путин Трамппен келіссөздер кезінде өзін сенімді сезінеді. Өйткені ол көптеген жеңілдіктерге қол жеткізді, алайда есесіне ештеңеден бас тартқан жоқ. Ақ үйдің Кремльдің тезистерін қайталап отырғанын тыңдап отыр», – деп жазды Financial Times тілшісі Кристофер Миллер әлеуметтік желіде.

Ресейлік теңізшілермен кездесуде Путин жаңа АҚШ әкімшілігінің соғысты аяқтауға шын ниетпен ұмтылып отырғанына сенетінін айтты. «Біз кез келген қақтығыстың, соның ішінде осы соғыстың да бейбіт жолмен шешілгенін құптаймыз, бірақ біздің есебімізден емес», – деп атап өтті Путин.