Прокурор контрабандалық темекіні сатқызған: Ақтөбе облысында заңсыздыққа қарсы күрескен тергеушінің өзі сотталды

Фото: Гүлмира Әбіқай

Ақтөбе облысында контрабандалық өнімдерге тосқауыл қоймақ болған тергеушінің өзі жазаға тартылып, сотталып кеткен, деп хабарлайды Qazaq.today.

Белгілі журналист Гүлмира Әбіқайдың жазуынша, тергеушінің жазалануымен аяқталған даулы іс 2019 жылы пандемия кезінде басталған. Заңсыздық Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында Ресеймен шектесетін кеден бекетінен басталған.

«2019 жылы сол жерден 40 тонналық Фура “қарбыз” алып өтеді. Сөйтсе, накладнойдағы қарбыз шын мәнінде акциздық маркасыз темекі болып шығады. Аттай 611 мың 960 қорап. Қаржылай құны шамамен 244 млн. теңге.

Сол кездегі Мәртөк аудандық ПБ тергеу бөлімінің басшысы Айбат Ерғалиев заңсыз затты тәркілеп, қылмыстық іс қозғайды. Аудандық сот: сатуға рұқсат жоқ ЖОЮҒА ЖІБЕРІЛСІН дейді. Алайда, прокуратура сот шешіміне қарсы шығады. Аудан прокурорының м. а. А. Махамбетжан Ақтөбе облыстық сотқа шағымды өзі түсіреді. Облыстық сот судьясы Н. Ормаханов аудандық судья Нұршарыповтың қаулысын бұзып: контрабандалық жолмен келген темекілерді сатуға рұқсат береді!», — деп жазды журналист.

Темекеліреді сатып, пайда көру үшін Ерғалиев әкімге жүгінеді. Олар “Adele Invest” деген ЖШС серіктестік табады. Тергеуші 611 мың 960 қорапты санап осы фирмаға өткізеді.

«Арада 2 жыл өтеді. Не темекі жоқ, не одан түскен мемлекетке 1 тиын пайда жоқ. Құзырлы орындар темекі қайда деп тергеушіден сұрайды, ол темекі қайда деп фирмадан сұрайды. 2 жыл әлгі серіктестіктің артынан жүгіріп тауып, үстінен қылмыстық іс қозғау жайлы қаулы шығарғанда өзі ұсталып, қос қолына кісен салынып кете барады. Ол кезде қызметі өсіп, Хромтау аудандық полициясы тергеу бөлімінің басшысы болып отырған Айбат Ерғалиев мамырда сотталып, Семей түрмесіне жабылады. 40 тоннадан бір штук темекі не сатпады, не шекпеді. Сонда 612 мың қорап темекі қайда кетті?», — деп cұрақ қойды Гүлмира Әбіқай.