Прокуратураға 11 млн теңге берген: ШҚО-да танымал спортшыны пышақтаған төрт полицей жазасыз жүр

Ережесіз жекпе-жек бойынша Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, танымал спортшы  Бақытбек Шотабаевтың әділдік іздеп жүргеніне бір жылға жуық уақыт болған. Спортшы 2021 жылдың қараша айында Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында (аудан орталығы) тұратын туған бөлесінің үйіне қонаққа барып, ішімдік ішіп алған құқық қорғау қызметкерлерінен жәбір көрген, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі Azattyq Rýhyсілтеме жасап. 

Бақытбекке пышақ сермеген полиция бөлімінің қызметкерлері о баста ауылдағы мектепте директор болып істейтін бөлесін «тәртіпке салуға» келген. Ал Бақытбек бөлесін құтқарамын деп аяқ-қолы мен қабырғасынан пышақ жарақатын алған.

«Оқиға 2021 жылдың қараша айының 28-не қараған түні болды. Өзім Көкжыра деген ауылда тұрамын. Осы күні Ақсуатта тұратын Ержан Ақылбеков есімді туған бөлемнің үйіне сағат түнгі 10 шамасында кіремін де, үйдегі әжемізбен шүйіркелесіп отырып, 11-ге қарай қайтуға бел будым. Дәл осы кезде қонақтан келе жатқан бөлем және жеңгеммен шыға берісте кездесіп тұрып қаламыз. Біраз әңгімеден кейін бөлем мені шығарып салайын деп тұрғанда, телефонына бір адам қоңырау шалады. Содан ол «қазір шығамын» деп жауап береді де, екеуміз қақпаның сыртына шығамыз. Қарасам аулада үстіне полиция формасын киген, астыңғы жағына азаматтық киім киіп алған екі жігіт келіп тұр екен. Екі жігітке қол беріп амандасамын да, өз көлігіме барып отырамын. Көлігімді оталдырғанда автоматты түрде жарығы жанады да, бөлем жаңағы жігіттермен әңгімелесіп тұрады.

Құқық қорғау қызметкерлерінің мініп келген көлігі тура менің шығу жолымды жауып тұрғаннан кейін, жарығымды жағып-өшіріп белгі беріп, 2-3 минут күтіп отырамын. Осы кезде форма киген жігіттің бірі (Хамзин Данияр) қолына пышақ алып шыққанын көремін, ал бөлем ол пышақты көріп тұрған жоқ. Содан мен жедел көліктен түсіп, бөлемді итеремін. Ол шалынып барып, құлайды. Осы кезде жаңағы жігіт бұрылып келіп, менің сол жақ жүрек тұсыма пышақ сұғып алады. Мен артқа қарай шегініп барып, кеудеме қолымды тигізіп көрсем қанап жатыр, пышақ сырып өтіпті. Өзіме келемін дегенше Данияр маған қайта пышақ ала жүгіреді. Мен одан қашамын, бөлем ол үйге қарай қашады. Содан есіктің алдында қашып жүрміз, қасындағы екінші полицейдің қолында да белгісіз зат болды», — деді Бақытбек.

102 ҚЫЗМЕТІ ЖІБЕРГЕН ПОЛИЦЕЙЛЕР ДЕ МАС БОЛҒАН

Ауланың сыртында мас полицейлерден қашып жүріп, ол 102-ге қоңырау шалып көмек сұрайды.  Қызық болғанда көмекке келген полиция қызметкерлері де мас болған. Кейін белгілі болғандай, сол күні бұлардың біреуінің лауазымы өсіп, соны тойлаған екен.

«Қашып жүрген бөлеме келіп «мыналар кімдер?» десем, «құқық қорғау қызметкерлері» дейді. Солардың біреуінің әкесі менің бөлемнің қоластында жұмыс істейді екен. Содан ол кісі бір жұма жұмысқа келмей, үйінде арақ ішіп жатып алған. Бөлем басшы ретінде «Мұндай іс болмайды, жұмыс істемейтін болсаңыз ресми арыз жазып кетіңіз» дейді. Ол бұл туралы ұлына айтады, олар шендерін жуып отырып, мәселені шешу үшін келген ғой. Формадағы адамдарға қол көтере алмайсың, әйтеуір қашып жүріп 102-ге қоңырау шалып «сіздердің мас қызметкерлеріңіз маған пышақ салды, жедел жәрдем көлігін қоса жіберіңіз» деймін. Олар экипаж жіберетіндерін айтты. Экипаждан екі формадағы адам келеді, бетіне медициналық маска тағып алған. Келген беттен маған «біздің жігіт біраз масайып қалыпты» деп әңгіме айтады.

Қызық болғанда бізді құтқаруға келіп тұрған екі полицей де ішімдікке тойып алған. Ана екеуіне ие бола алмай тұрғанда, оған тағы екі адам қосылады ғой. Бөлем бұл уақытта қашып кеткен, көлігім ашық жатыр, өзім төртеуінің қоршауында қаламын. Есіктің алдында олармен бір сағат алысамын. Содан бесінші адам А.Қажығалиев келеді, өзі менің туған күйеу балам. Ол әріптестерін тоқтатып, маған «арыз жазбай-ақ қой, өзара жігітше шешейік» дейді. Бірақ мен жаңағы жерден шыққан соң, АІІБ-ге барып, арыз жазбақшы боламын. Ақсуат ауданы АІІБ алдында бір топ полиция тұрып алып, ішке кіргізбей қойды», — дейді жәбірленуші.

АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРА АРЫЗЫН ҚАБЫЛДАМАЙ ҚОЙҒАН

Бақытбек ертесі аудандық полиция бөліміне барып шағым түсірмек болғанымен, тағы да ішке кіре алмаған. Содан ашуланған спортшы бірден аудандық прокурор бастығына кірген. Бір қызығы, прокурор да арыз қабылдауға уақыты жоқ екенін айтып, шығарып салады.

«Үйге келіп қарасам пышақ қабырғамның ортасында қысылып, өтпей қалғанын байқаймын. Қыстық қалың күртешемнің де пайдасы болды. Ертеңінде АІІБ-ге барсам, жаңағылардың бәрі аулада тұр. Ішке кіріп арыз жазайын десем, камера бар деп кіргізбеді. Содан шығып Ақсуат ауданы прокуратурасына барсам, олар бәрінен хабардар екен. Тікелей бастығына барып, жағдайды айтып ем «Сіздің арызды қабылдайтын уақытым жоқ» деді. Жазып алып барған арызымды канцелярияға қалдырып кеттім», — деді ол.

Бақытбек аудандық құқық қорғау органдарынан әділеттілік таппасын білген соң, Өскемендегі Жеке Қауіпсіздік Басқармасына барып арыз қалдырған.

«Өскемендегі Жеке Қауіпсіздік Басқармасындағы арыздан кейін ғана қылмыстық іс қозғалып, олар кешірім сұрап маған келеді. Бірақ мен кешірім бермедім. Бұлар сержант болып осындай әрекетке барып жүр, лейтенант болса қайтеді?! Сот әне болады, міне болады деп жүргенімізде іс қысқарып қалды. Тергеуші алып істі прокуратураға береді, прокуратура болса «істе ешқандай бұзақылық әрекеті, қылмыс құрамы жоқ» деп қысқартып тастайды. Сөйтсем прокуратурадағыларға 11 миллион теңге ақша беріпті. Ол ақшаны прокуратураның тергеу бөлімінің басшысы алған. Пара алғандарын сол мекеменің ішіндегі таныстарым, жора-жолдастарымнан естідім. Осыдан кейін прокуратураға қайтадан шағым түсірдім, олар істі қарамай тағы қысқартып тастайды», — деді кейіпкеріміз.

«АРАҒА АДАМ САЛЫП, 30 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҰСЫНДЫ»

Прокуратурадан үмітін үзген Бақытбек Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сотына аппеляциялық шағым түсірген. Осыдан кейін ғана сот алқасының судьясы М.С.Құрманов онлайн сотта прокурорды орнынан тұрғызып қойып, бәрін заң бойынша түсіндіріп, қаулының күшін жойып, істі қайта қарауға тапсырады.

«Прокурорлары да, полиция қызметкерлері де «қоя салшы, біздің басымыз кетеді» деп отыр.  Мен де маған ұсынған 30 миллион теңге ақшаларын алып, аузымды жауып тыныш қана отыруыма болады. Бірақ түнгі бірде сіздің үйіңізге формадағы құқық қорғау қызметкері келіп, пышақ сілтеп жүрсе қалай болмақ?! Малды да осылар ұрлайды, кісіні де осылар өлтіреді. Осы жолы Өскеменге барып бұған таза көз жеткіздім. Осы істен кейін Ақсуаттағы біраз адам жедел түрде зейнетке кетіп қалды. Мен «бір ауылдың азаматтарымыз ғой, өз еріктеріңмен жұмыстарыңнан кетіп қалыңдар, сендер мұндай лауазымға лайық емессіңдер» дедім. Бір ай кешірім сұрады, араға салмаған адамдары жоқ, депутаттан бастап  небір небір барыстар, ҰҚК қызметкерлері «қоя салсаңшы» деп жекеге шықты.

Содан бері күйзелістен 18 келідей салмақ тастадым. Сол жерде мен көліктен шықпасам, олар менің мектеп директоры болып істейтін бөлемді өлтіріп кетіп қалмақшы ғой. Осындай «ордалылардың» әрекетінен әділдік таппағандар суицидке барады, өздері кек алу әрекеттерін жасайды. Менің сол төрт адамды шапалақпен ұрып, багажыма салып алып кетуге шамам жетеді. Бірақ әділдікті тиісті органдардан күтіп жүрмін. Мен ешкімге кешірім бермеймін, кінәлілер жазасын алсын. Ол төртеуі де қызметтерінен шеттетілді, қылмыстық жаза қарастырылмады. Бүгін мен кешірермін, ертең солар барып басқа бір отбасының адамын өлтіріп алса ше?! Маған ешкімнен ақша керек емес. Бұл жерде әділ бағасын беруі тиіс прокуратураның да, соттың да қылмыскерлерді жақтап отырғаны таңғалдырады», — деп күйінді Бақытбек Шотабаев.

Azattyq Rýhy редакциясы аталған мәселе бойынша ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне ресми сұрау салды. Жауаптар қосымша жарияланатын болады.

Айта кететіні, Бақытбек Шотабаев Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Киевте жыл сайын өтіп келген Емельяненко турнирінің 2 рет алтын, 2 рет қола жүлдегері. Қазақ күресінен соңғы екі жыл қатарынан әскерилер арасында Гвардия барысы атанған.

16