Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тату көршілік, ұлттық құндылықтар және өңірлік тұрақтылық туралы айтты, деп хабарлайдым Qazaq Today ақпарат порталы.
Президенттің айтуынша, қазақ халқының көршіні қадірлеу дәстүрі – терең тамырлы құндылық. Ол ата-бабадан жалғасқан өсиет пен өмір салты екенін атап өтті. «Қазақ қашанда көршісін қадірлей білген. Қуанышта да, қиындықта да көршісіне сүйенген.
«Көрші ақысы – тәңір хақысы» деген ұғым дінімізде де, дәстүрімізде де бар», – деді Президент.
Көрші елдермен бауырластық байланыс Тоқаев Қазақстанның көрші мемлекеттермен достық және өзара құрметке негізделген қарым-қатынасына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл – бейбітшіліктің және тұрақтылықтың кепілі.
«Ресей – біздің негізгі стратегиялық серіктесіміз әрі сенімді одақтасымыз. Қытай халқымен тарихи тамырымыз терең. Ал қырғыз – бір туған бауырларымыз, өзбек – өз ағамыз, түрікмен – туысымыз. Әзербайжан еліне деген ықыласымыз да айрықша», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент Қазақстан мен Ресей арасындағы құрлықтағы ең ұзын шекараның дау-дамайсыз шегенделгенін, ал Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан арасындағы шекара мәселелерінің де тарихи келісім арқылы шешім тапқанын қуанышпен жеткізді. Бейбіт өмір – еңбектің жемісі Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі аумалы-төкпелі заманда ауызбіршілік пен тұрақтылықтың маңызы арта түскенін айтты.
«Бейбітшілік пен тұрақтылық – тағдырдың бере салған сыйы емес. Бұл – бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің жемісі», – деді ол.
Мемлекет басшысы былтыр Ақтау маңында болған ұшақ апаты кезінде халықтың ұйымшылдығы мен жанашырлығын ерекше атап өтті. Көпшілік қан тапсырып, зардап шеккендерге көмек қолын созды, Әзербайжан елшілігіне гүл шоқтарын қойды.
«Бүкіл әлем халқымыздың кең пейіліне, мейірімділігіне тәнті болды. Мейірімділік, қамқорлық және тілеулестік – біздің ұлттық ерекшелігіміз. Біз осы құндылықтарды сақтап, жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек», – деп түйіндеді сөзін Президент.