Президент: Қазақстан кез келген елдің егемендігін құрметтейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сыртқы саясатта жікке бөлінбей диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today.

«Жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау керек. Мұны мойындаған жөн. Әлемдегі қазіргі ахуал өзгеріп жатыр. Мультилатерализмнің үні құмыққанда, протекционизм өршиді. Осынау бей-берекет кезеңдегі біздің міндетіміз – ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру», — дейді Тоқаев Астана халықаралық форумында.

Президенттің айтуынша, Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастырады.

«Сыртқы саясатта жікке бөлінбей диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа аламыз. Әсіреұлтшылдық танытып, өзге халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрлерін менсінбеуге жол берілмейді. Аз халықтардың ана тілінде сөйлеп, төл мәдениетін дәріптеуіне құрметпен қарау қажет. Сондықтан Қазақстанда «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын қатаң ұстанамыз», — деп атап өтті ол.

Айта кетері, елордада Астана халықаралық форумы басталды. Бүгінгі басқосуға мәртебелі меймандар, атап айтқанда, Руанда президенті Поль Кагамеге және Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давкова, Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Ален Берсе, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің жетекшілері және тағы басқалары қатысып жатыр.