«Полиция іздемей отыр»: Түркістан облысында 21 жастағы жігіт бір жылдан бері табылмай жатыр

Түркістан облысында жалғызбасты ана халықтан көмек сұрайды. Ауру баласын бағып отырған ана тұңғышынан тірідей айырылып қалған, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталы.  

21 жастағы жігіт үйінен медресеге оқуға кетіп, сол қалпы қайтып оралмаған. Анасының сөзінше, Боймурза бір айдан астам уақыт Шымкент қаласындағы «Дархан» медресесінде білім алған. Одан бері жылдан астам уақыт өткенмен, жігіттен хабар жоқ.

«Мырзарахимов Боймурза 2002 жылы туған. Медреседе оқып жүрген. Одан кейін мүлдем хабарсыз кетті. Бір сөзінде анасына жұмыс іздеп Алматыға баратынын айтқан екен. Үйде ауру інісі мен анасы күтіп отыр. Әкесі 10 жыл бұрын Ресейге кеткен. Анасы полицияға барған екен, іздемейміз, жоғалған жағына барып, арыз жазыңдар депті. Полиция іздемей отыр. Біз ұлымыздың қай жақта жоғалғанын да білмейміз. Не өлі, не тірі екенін біле алмай жүрміз», — деді Мақтаарал ауданының тұрғыны Абдурахим Бабажанов.

Жоғалған жігіттің анасы Мақтаарал ауданының Фердоуси ауылында тұрады. Ауру бала бағып отырған анасының тұңғышын іздеуге де мүмкіндігі жоқ.

 

«Достары да, таныстары да көрмеген. Тек тұратын ауылымыздағы учаскелік полицияға арыз жаздық. Үйден 2021 жылдың қыркүйек айында шығып кеткен. Үйден кеткенде ренжісіп шыққан. Әкесінің інісі Боймурзаға күн бермеген. Жұмыс істемедің деп тыныштық бермеген. Туыстарымен ренжіскен ұл медресеге кеткен. Одан кейін хабарсыз қалдық. Халықтан, полициядан көмек сұраймыз. Ұлым біз сені күтіп жүрміз, үйіңе қайт», — деді Бибиходжа Мырзарахимова.

Боймурза Мырзарахимовтің туыстары ұлдарын көрген, білген адам болса төмендегі телефон номерлеріне хабарласуын сұрайды: 8 771 869 78 88; 8 701 574 26 78.

4