Фото: gov.kz
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 36 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9% көп, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында брифинг өтті. СҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Марат Қазиевтің айтуынша, биыл осы санаттағы қылмыстардың 25-ін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, 3-ін – ішкі істер органдары, 5-ін – ҰҚКД, 3-ін – экономикалық тергеу қызметі анықтаған.
«Қылмыстық қудалау органдарында 54 іс болды, оның 20-сы бойынша іс жүргізу аяқталды, сотқа 20 іс жіберілсе, сегізі ақтау негіздері бойынша тоқтатылды. Биыл сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 37 адам күдікті деп танылды, 14 адам айыпталушы ретінде сотқа берілді. Сотталғандардың ішінде пара алғандар, мемлекет мүлкін аз және аса ірі мөлшерде ұрлағандар бар», — дейді Марат Қазиев.
Мәселен жақында квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жататын және 100% мемлекеттің қатысу үлесі бар ірі кәсіпорындардың бірінің бұрынғы басшысы 100 мың АҚШ доллары мөлшерінде пара алғаны үшін сотталды. Петропавл қалалық соты оны 11 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
«Тағы бір мысал келтірсем, былтыр тамыз айында облыстық мемлекеттік кірістер депратаментінің қызметкері елордалық ЖШС-нің бірінің директорынан 10 мың теңге көлемінде пара алды. Ол бұл соманы қызметтік өкілеттігі бойынша әрекет етпеу үшін, яғни ЖШС-ні әкімшілік жауапкершіліктен босату мақсатында әкімшілік хаттама толтырмау үшін алған. Петропавл қалалық сотының үкімімен пара беруші мен алушы кінәлі деп танылып, оларға пара сомасының 15-60 еселенген мөлшеріне дейін айыппұл салу түрінде жаза тағайындалды», — дейді Марат Қазиев.
Аға прокурордың айтуынша, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін 100-ден 1500 АЕК-ке дейін, яғни 369 мың теңгеден 5,5 млн теңгеге дейін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады және үлкен мөлшерде айыппұл төлейді немесе 3 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.