Павлодардағы колледж директоры 130 миллион теңгені жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Qazaq.today порталы.
Колледж басшысы жалған қызметкерлердің жалақысын иемденгені үшін сотталды. Сот тыңдаулары барысында айыпталушының 2013 жылдан 2023 жылға дейін Түсті металлургияның жоғары колледжінің директоры қызметін атқара жүріп, жалған қызметкерлер туралы әдейі бұрмаланған мәліметтері бар жұмыс уақытының табельдеріне қол қойғаны анықталды. Осылайша экс-директор 130 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген.
Айыпталушы кінәсін ішінара мойындады. Сонымен қатар мемлекетке келген зиян өтелмегені белгілі болды.
«Осыны, сондай-ақ кінәнің ішінара мойындалуын, оң мінездемесін және екі кішкентай баласының барын ескере отырып, сот жеті жылға бас бостандығынан айыру және банк шоттарындағы ақшалай қаражатты тәркілеу жазасын тағайындайды», – деп мәлімдеді сотта.
Сонымен қатар колледж директоры мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.