Прокуратураның пәрменімен Павлодардың балалар үйлері мен балаларды қолдау орталықтарындағы 105 қыз медициналық тексеруден өтті. Тексеру нәтижелері 11 тәрбиеленуші бойынша жыныстық қол сұғушылықты анықтады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бұған дейін облыстағы балалар үйлері мен балаларды қолдау орталықтарында тәрбиеленіп жатқан 10-16 жас аралығындағы қыздар медициналық тексеру өткізіліп жатқаны туралы хабарлағанбыз.
Прокуратура органдары ұйытқы болған дәрігерлік тексерумен кәмелет жасына жетпеген 105 қыз бала қамтылған.
— Тексеру барысында 11 қыздың ерте бастан пәктігінен айрылғаны тіркеліп отыр. Оның 8-і қазіргі уақытта Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне алынды. Олар бойынша сотқа дейінгі тексеру басталды, күдіктілер анықталып, ұсталды. Үш дерек қылмыстық құқық бұзушылық бойынша тексеріліп жатыр. Бұған қоса балалардың үй жағдайындағы жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырауына қатысты екі дерек тіркеліп отыр,-деп хабарлады бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова.
Бұл қылмыстардың барлығына бірнеше жыл болған. Тексерулердің нәтижесінде енді ашылып отыр.