Павлодар облысында полиция адамдарды бопсалаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлады Polisia.kz. Топты Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен ұстаған. Қылмыстық топ құрамына 25-35 жас аралығындағы жігіттер кірген. Қазір күдіктілердің бопсалаудың 5 фактісіне қатысы бары анықталды.
Сонымен қатар топ мүшелерінің Павлодар облысында қару қолданып, бұзақылық жасауға және пәтер ұрлығына қатысының бар-жоғы да тексеріліп жатыр.
Тінту шараларының нәтижесінде қатысушылардан 5 атыс және травматикалық қару, қолдан жасалған кастеттер, биталар мен пышақтар, сондай-ақ РГД-5 гранатасы тәркіленді. Бұл бойынша сараптама тағайындалды.
«Қылмыстық топтың 7 мүшесі ұсталды. Оның ішінде ең белсенді 3 қатысушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр. Тергеу Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізіліп жатыр», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.