Фото: unicaresupport.com
Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған балаға қатысты зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері бойынша айыпталушыға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Qazaq.today.
Сот процесі жабық жағдайда өткізілді. Сотталушы О.-ның кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындыларымен және іс бойынша зерттелген басқа да дәлелдемелермен расталды.
Прокурор О.-ға 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Алайда сотталушы зорлау бойынша тағылған айыпты мойындамады, ал сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері бойынша ішінара кінәсін мойындады.
«Сот О.-ның мас күйінде аса ауыр екі қылмыс жасағанын, бұрын сотталғанын және оның әрекеттері қылмыстардың қауіпті қайталануы ретінде танылғанын ескерді. Нәтижесінде сотталушы О.-ға 20 жылға бас бостандығынан айыру; өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар сот жәбірленушінің талап арызын қанағаттандырып, моральдық зиян ретінде 7 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.