Павлодар облысында мешіттен ақша ұрлаған адам 3 жылға сотталды

Павлодар облысының Тереңкөл ауданының екі ауылынан, Шарбақты ауданы, Ақсу қаласының ауылдық жеріндегі орналасқан мешіттерден садақаға қалдырылған ақшаны бірнеше рет ұрлаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qazaq.today Halyq-uni-не сілтеме жасап. 

Іс материалдары бойынша айыпталушы азамат биылғы жылдың ақпан-мамыр айлары мешіттерде бірнеше рет ұрлық жасаған. Осыған байланысты Тереңкөл аудандық сотында бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қаралып, ер адамға қатысты тағылған қылмыстар мен үкімдердің жиынтығын ескере отырып, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеумен үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді. Алайда айыпталушы азамат сот үкімімен келіспей, апелляцияға берген. Шағымда оның жазасын жеңілдетіп, бас бостандығынан айырмауды сұраған еді. Іс Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қарастырылды.

Прокурор мен жәбірленушілердің өкілдері 2023 жылғы 28 шілдедегі үкімді өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

 

Тереңкөл аудандық сотында шығарылған үкімді өзгеріссіз, сотталушының апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырылды,– деп хабарлады Павлодар облысы сотының баспасөз қызметі.

 

Қаулы заңды күшіне енді.

Бұл азамат Қарағанды облысының тұрғыны болып шықты. Ол наурыз айында Тереңкөл ауданының Қызылтаң ауылында мешіттен 140 мың теңге сомасында ақша қаражатын ұрлаған. Бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған.

 

Qazaq.today