Павлодар облысында биыл 1146 адам итке таланған

Павлодар облысында бруцеллез ауруын жұқтырғандар саны көбейген. Биылды ңөзінде бруцеллез дертін 32 тұрғын жұқтырған, деп хабарлайды Qazaq.today. 

Сонымен қатар қаңғыбас иттердің құрбанына айналған жағдайлар да аз емес. Мамандардың сөзінше, облыста аса қауіпті аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

Жыл басынан сырттан аса қауіпті және карантиндік инфекциялардың әкелінген жағдайлары тіркелген жоқ.

— Жылдың алғашқы 9 айында облыста бруцеллез жұқтырудың 32 жағдайы тіркелді. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 4,2 жағдайды құрап отыр. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде 33 жағдай тіркелген. Бруцеллез ауруынан сақтану үшін мал басын жүйелі түрде тексеріп, вакцинациялау жүргізген жөн. Ауру мал анықталса оқшаулап, оған күтім жасау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау керек. Дұрыс қайнатылмаған, қуырылған етті, шикі сүтті, өңделмеген сүзбелер мен ірімшіктерді жеуге болмайды. Ет немесе сүт сатып алғанда, сапа мен қауіпсіздікті растайтын құжаттарды талап еткен абзал, — дейді Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова.

Ал жыл басынан облыста 1146 адамды ит қапқан. Сондай-ақ адамдарды қаңғыбас мысықтар, жылқылар, қарсақ пен түлкілердің тістеп алғаны туралы деректер тіркелген. Олардың барлығына құтырмаға қарсы вакцина салынды.