Павлодар облысы Солнечный кенті аумағындағы су қоймасында балықтар уланып жатыр. Бұл жайтты алғаш болып жергілікті тұрғындар байқап, әлеуметтік желі арқылы дабыл қақты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Шаңдақсор су қоймасындағы жағажай өлі балыққа толы. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, судан қолқаны қабатын қолаңсы иіс шығады.
«Алабұға, аққайран, көксерсе, шортан мен басқа да балық түрлері белгісіз жағдайда қырылып жатыр. Жағажайдың маңынан жағымсыз иіс шығады. Бәлкім, суға микросфералар түсіп кеткен болу керек. Себебі ол көпіріп, толқын микросфераны жағажайға қарай шығарып тастап жатыр. Балықтар содан уланған болуы мүмкін», — деп топшылады бейнежазба авторлары.
Бұдан соң арнайы комиссия оқиға орнына барды. Аталмыш су қоймасы ГРЭС-2 кәсіпорнының жанында орналасқан.
«Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ Павлодар облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің басшысы Самал Темірболатованың сөзінше, арнайы комиссия құрамында инспекциямен қатар, экология, төтенше жағдайлар, ветеринария, санитарлық бақылау саласының өкілдері бар.
«Арнайы комиссия оқиға орнында судың сынамаларын алып, сараптама жасау үшін зертханаға жіберді. Мұндай жағдайдың орын алынуына экологиялық немесе санитарлық факторлар әсер етуі мүмкін. Алдын ала болжам бойынша, станциядан ыстық судың құйылуы салдарынан балықтың жаппай қырылуы ықтимал. Бірақ бұл болжам ғана. Басқа себептерді де жоққа шығаруға болмайды», — дейді Самал Темірболатова.
Белгілі болғандай, аталмыш су қоймасының екі иесі бар. Бірі – ГРЭС-2 станциясы, екіншісі – жеке кәсіпкер. Ол жыл сайын күзгі уақытта балық жіберіп, кейін бекітілген лимит шегінде оларды аулайды. Былтыр 53 тонна балық аулапты.
Еске сала кетсек, осы жылдың 31 мамырына дейін өңірде уылдырық шашу кезеңінің өтуіне байланысты балық аулауға тыйым салынған.