Павлодар-Астана жолында балалар мінген автобус аударылып, жаттықтырушы көз жұмды

«Астана-Ерейментау-Шідерті» автожолында «Мерседес» маркалы шағын автобустың қатысуымен жол-көлік апаты болды.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Алдын ала болжам бойынша, шағын автобустың жүргізушісі жолда келе жатып жүк көлігін озып өтпекші болған уақытта аударылған.

— Автобус салонында 14-16 жас аралығындағы 16 бала және жаттықтырушы болған. Олар жарысқа қатысу үшін Павлодар қаласынан Астана қаласына келе жатқан. Аталған дерек бойынша, қылмыстық іс қозғалды, қажетті тергеу-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Белгілі болғандай, балалар жеке меншік спорт мектебінде жаттыққан. Спорт мектебінің басшылығы өз шәкірттерін жарысқа жіберген уақытта ол туралы полиция қызметкерлеріне ескертпеген. Сәйкесінше жолда патрульдік көлік автобуспен бірге жүрмеген. Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, Қосшыда балалар мінген шағын автобус апатқа ұшырады.