Париж Олимпиадасының жүлдегерлері оқуға түсті

Олимпиадада жүлдегерлері Демеу Жадыраев, Нариман Құрбанов пен Ғұсман Қырғызбаевқа Қазақ спорт және туризм академиясында білім алуға мүмкіндік беретін гранттар табысталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Бұл ақпаратты Қазақ спорт және туризм академиясы қызметкерлері Massaget.kz-ке растады.

«Париж олимпиадасында ел қоржынына түскен 7 медальдің бесеуін академия түлектері иеленді. Бұл — білім ордасы үшін үлкен мәртебе әрі мақтаныш. Сондықтан Демеу Жадраев, Нариман Құрбанов, Ғұсман Қырғызбаев, Назым Қызайбай, Ислам Сәтбаев сынды спортшылардың есімдері енді білім ордасының Олимпиада жүлдегерлері стенд тақтасына алтын әріппен жазылады», — делінген хабарламада.

Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов жиында Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Демеу Жадраевқа докторантурада, Нариман Құрбанов пен Ғұсман Қырғызбаевқа магистратурада тегін білім алуға мүмкіндік беретін Академия грантын табыстады.

«Практика жүзінде білген-түйгенімізді енді теориямен ұштастыруға, ғылыми тұрғыда ізденуге мүмкіндік берген, өзім оқыған академия басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Ал артымыздан еріген жас өрендерге сәттілік тілейміз. Алға қойған мақсаттарыңа жетуден ешқашан шаршамаңдар» — деді Демеу Жадраев.

Фото: Қазақ спорт және туризм академиясы ұсынған сурет