Палестина өкілі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде жылап жіберді (видео)

Палестина елшісі Рияд Мансур БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сөз сөйлеп тұрып, көз жасына ерік берді. Ол Газа секторындағы балалардың шексіз азаптары жайлы айта отырып, өз эмоциясын жасыра алмады.

«Бұл төзгісіз. Мұндайға қалай шыдауға болады?! Менің немерелерім бар. Олардың отбасы үшін қаншалықты маңызды екенін білемін. Ал палестиналықтардың қандай күйде екенін көру — және оған бей-жай қарау — бұл қалыпты адам үшін мүмкін емес», — деді елші.

Рияд Мансур сөз арасында палестиналық дәрігер Алаа әл-Наджардың трагедиясын мысал етті. Израильдің әуе соққысы кезінде дәрігер өз үйінде тоғыз баласынан айырылған.