Жамбыл облысының Жол патурльдік полициясы жалғызбасты ананың көлігін тартып алып, жол аптатына түскен оқыс оқиғаны жасырған. Сақшылар тіптен жарақат алған жас әйелге медициналық жедел жәрдем қызметін де шақырмаған. Ал өзгенің машинасын ие далада тартып алып, адам өміріне қауіп тудырған жігітке полиция хаттама да толтырмастан, жібере салған, деп хабарлайды Qazaq.Today тілшісі. Оқыс оқиға осыдан тура бір ай бұрын орын алған. Алайда Қордай ауданының полициялары жәбірленушіден арыз тұрмақ, апаттың орын алғанын да тіркемеген. Жәбірленуші Бақыт Жақаштың сөзінше, салондағы өзінің кішкентай қызы да жарақат алған. Екеуі Түркістан қаласына қыдырып қайту мақсатында сапарға шығып, алыс жолда серік болсын деген ниетпен жолда қол көтеріп тұрған бейтаныс жолаушыны алған. Ал ол жігіт Қордай асуына жеткенде рульге күштеп отырып алған.
«Ақпанның 28 күні өз автокөлігіммен Алматыдан Түркістан қаласына жолға шықтым. Көлікте менен басқа 7 жастағы туған қызым Айзере Сланбек болды. Алтын Орда базарының маңында қол көтеріп тұрған жолаушыны алдым. Кейін жол апатына түскенде оның Қызылорда облысының тумасы Ерғалиев Мадияр Серғазыұлы (ЖСН 990716301055) екенін білдім. Ол азаматты бұрын танып-білген емеспін. Қордай асуына жеткенде қан қысымым көтеріліп, басым айналып, денсаулығым нашарлады. Көлікті жолдың оң жақ шетіне қойып, беті-қолымды жуып, ес жинау үшін қызым екеуміз далаға шықтық. Ол кезде Ерғалиев Мадияр көлікте қалған. Арада 10 минут өткен соң көлікке келсем, рульге әлгі жігіт отырып алған. Ол менің «»рульден түс» деген сөзімді керек қылмады. Сан түрлі сылтау айтты, соңында қорқытуға көшті. Ерғалиевтың бұл әрекетінен «қорғансыз әйел иен далада не істей алады?!» деген арам ой екенін ұқтымда, амалсыз салонға отырдым», -дейді оқиғаның қалай орын алғанын айтқан Бақыт Тоқтарқызы.
Алайда орнынан қозғалған көлік 2-3 км жүрмей жатып апатқа ұшыраған. Жылдамдық алған бетте рульге ие болмаған Ерғалиев жолдың ортасын бөліп тұрған темір қоршауларға соғылған. Соққының қаттылығынан машинаның сау тамтығы қалмаған. Ал салондағы жолаушылар жарақат алған. Апат Алматы-Тараз тас жолының 203-ші шақырымында болған.
«Аса қатты жылдамдықпен келген қалпы қарама-қарсы бағыттарды бөліп тұрған темір тосқауылға соғылды. Есімді жоғалтып, жинадым. Салоннан домалап шықтым, жүре алмадым. Мемлекет мүлкіне де зиян келген. Қызым бас сүйегінің сол жақ бөлігі мен сол жақ иығынан жарақат алыпты. Бетімнің сол жақ бөлігі терезеге соғылып, қабағым жарылып, сол жақ көзімнің айналасы гематома алған. Қос аяғым да жарақат алған. Дәл сол сәтте қызым да, өзімде шок күйінде болдық. Рульге күшпен отырып алған Ерғалиев тезірек қашып кетуге асықты. Өткен-кеткен көліктерге жармасып, ауылына қашып кетпек болды. Бірақ бізді көріп тоқтаған көлік жүргізушілеріне мән-жайды айтып, оны алып кетпеуін, осында қалдыруларын сұрадым», — деді жәбірленуші.
Жолай өткен көліктер оқиға орнына полиция шақыртқан. Алайда күдікті де, полиция қызметкерлері де жедел жәрдем қызметкерлерін шақырмаған. Балалы әйелден тезірек құтылуға асыққан олар эвакуатор шақыртып, жалғызбасты ананы қызымен бірге салып жіберген.
«Қатты қорқып, мең-зең күйде тұрғанымды пайдаланған Ерғалиев бәрін өзі реттеп беретінін айтып, уәделерді үйіп –төгіп жатқан. Әкесі мен ағасында араластырды. Оларда арыз жазуыма қарсы болды. 50 мың теңге төлеп, эвакуатор арқылы Алматыға кері салып жіберді. Мен полиция эвакуаторға көлікті тиегенде Қордайға апарып, көмек көрсетеді екен деп ойлағам. Кейін олардың тіптен хаттама да толтырмағанын білдім. Алматыдан бірақ шықтым. Ауруханаға он күннен аса қаралып, ем алдым. Ес жинаған соң әлгі полицейлерге хабарлассам, олар бастарын ал қашты. Рульге күштеп отырып алып, апатқа түскен жігіттен тіптен түсініктеме де алмапты. Іздемеген де. Қордайлық полицейлер сонда пакозуха, көзбояушылықпен айналысады деп санаймын. Неге олар істің ақ-қарасын анықтамаған, неге оқиғаны тіркемеген, неге медициналық көмекті шақырмаған? Күдіктімен «ауызжаласты» деген ой туады. Егер сол жерде өліп кетсек, кінәні сол қалпы бізге жауа салатын еді. Мен өз істеріне салғырт қараған полицейлерді де, иен далада әлімжеттік жасаған жігіттің де жауапкершілікке тартылғанын талап етем», — деді Бақыт Жақаш.
Көліктің сау тамтығы қалмаған. Оны қалпына келтіру үшін мамандар 1,3 миллион теңге сұраған. арақатынан енді ғана айыққан жәбірленуші Жамбыл облысы ПД бастығы Арманбек Баймурзинге болған жағдайды айтып, арызданған. Департамент істі Қордай ауданына жібергенмен, олар өздері жіберген олқылықты жылы жауып қоя салған.
«Мен сізге ешқандай ақпарат бере алмаймын. Жәбірленушінің өкілі болсаңыз, маған сенім хат әкеліңіз. Керек болса Жамбылға (облысқа) келіңіз. Мен сізді танымаймын. Маған телефонмен көп адам анаумын, мынаумын деп хабарласа береді», — деді Жамбыл облысы ПД Өзіндік қауіпсіздің басқармасының өкілі Ербол.
Былтырғы жылмен салыстырғанда Жамбыл облысының аумағында жол көлік оқиғасы жиілеп, адам өлімі де көбейіп кеткен. Тек соңғы үш айда өңірдегі автожолдарда екі жүзден астам апат тіркелген. Жол апатынан қаза тапқандардың саны 20,8%-ға, жарақат алғандар 27,5%-ға артқан. Алаңдатарлық статистикаға жоғарыдағыдай тағы қанша оқыс оқиғаның тіркелмей қалғаны белгісіз.