Видеодан скриншоттар
Париж Олимпиадасында бокстан әйелдер арасында 50 келіге дейін салмақта бақ сынаған Назым Қызайбай қола жүлдегер атанды. Отандасымыз жартылай финалда қытайлық қарсыласына есе жіберді. Алматыда спортшының ата-анасы қыздарына жанкүйерлік танытты, деп хабарлайды Qazaq.today.
Жекпе-жектен кейін тілшілер Париж Олимпиадасының қола жүлдегерінің ата-анасын сөзге тартқа болатын.
«Алтын алады деп ойлап едік. Болмады. Қытайлық боксшы да осал емес. Осығанда шүкір. Қызыма қола медаль бұйырды. Қызым елге аман-есен оралсын», — деді боксшының әкесі Абай Қызайбай.
Анасы Кәмшат қызының алғашқы айналымдарда жарыстан шығып қалмай, жүлдеге іліккеніне қуанышты екенін айтты.
«Назымның арманы – Олимпиадаға бару еді. Сол мақсатына жетті. Жүлдегер атанып жатыр, қуаныштымыз. Қолаға қол жеткізді. Бұл да үлкен еңбек. Үлкен спорт додасында ел намысын барын салып қорғады», – дейді Назымның анасы Кәмшат Ахетқызы.
Ата-анасы енді қызының спорттан бөлек, отбасылық өмірге көңіл бөлгенін қалайды. Сондықтан алдағы карьерасына қатысты ештеңе айта алмаймыз, деп отыр.
«Өзінің тағы армандары бар. Келгеннен кейін көреді. Жасы 30-дан асты. Отбасы құрғаны дұрыс», — деді боксшының әкесі.