Отандық ғалымдар картоптың жаңа түрлерін ойлап тапты

Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары картоптың екі жаңа түрін жарыққа шығаруға дайындалып жатыр. Бұған дейін ғалымдар Астана, Мирас, Үшқоңыр, Тоқтар, Тамыр, Тамаша сияқты картоптың бірнеше сортын нарыққа енгізген болатын, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Жаңа сорттардың ерекшелігі

Жаңа картоп сорттарының басты ерекшелігі – түсі сап-сары, еті тығыз, әрі дәмі ерекше. Ғалымдар бұл сорттардың жылыжайда тез өнім беретінін сынақ арқылы дәлелдеген. Қазіргі таңда бұл көкөністердің атауы әлі қойылмаған. Сорттар бір жыл бойы сынақтан өтеді.

Ғалым Жүрсінгүл Тоқбергенованың айтуынша, жаңа сорттарды өсіру жұмыстары екі жыл бұрын басталған. Қазір олардың морфологиялық қасиеттері, вирустарға төзімділігі және жапырақ пен тамырдың ерекшеліктері жеке-жеке сараптамадан өтуде.

Қазақстандағы картоп сорттары

«Елімізде картоптың 55-тен аса сорты бар, оның 18 түрі жыл сайын көбейтіліп, тұқымы жаңартылып отырады», — дейді Жүрсінгүл Тоқбергенова.

Мысалы, «Ақсор» сорты барлық өңірге бейімделген. Ал «Тоқтар» сорты ерекше тарихымен белгілі. Бұл сорт 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровпен бірге ғарышқа ұшырылған. Сол сапар барысында оның жасушалары ғарыш кеңістігінде сынақтан өтіп, стрестік жағдайларға төзімділігі дәлелденді. Басқа ауыл шаруашылық дақылдары шыдамай өліп қалған кезде «Тоқтар» сортынан тірі өсімдік өскен.

Жаңа сорттардың болашағы

Әр картоп сорты толық сынақтан өтуі үшін 3 жыл уақыт қажет. Егер жаңа сорттар еліміздің барлық аймағына бейімделіп өсетін болса, жылына 1300 тоннаға дейін өнім алуға болады.

Қазақстанда әр адам жылына орта есеппен 100 келі картоп тұтынады. Сондықтан Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Нидерланды, Оңтүстік Америкадан жеткізілетін тұқымдарды будандастырып, жаңа сорттар әзірлеу — елдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға маңызды қадам.