Ұлттық құрылтай мүшесі, белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев Үкіметтің салық және бюджет саясатына қатысты өз пікірін білдірді. Ол Қазақстанның бюджет жүйесін күшейту және салық саясатын жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Бюджет – мемлекеттің басты тірегі
Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, бюджет – кез келген мемлекеттің негізгі атрибуттарының бірі. Мемлекет бюджетіне түсетін қаражаттың молаюы – әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің негізгі кепілі.
«Егер бюджетке көбірек қаражат түсетін болса, мемлекеттің әлеуметтік жағдайды жақсарту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету әлеуеті артады. Бюджеттің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Егер бюджет әлсіз болса, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ұлғаяды, бұл өз кезегінде елдің саяси тұрақтылығына кері әсерін тигізуі мүмкін,» – деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, соңғы жылдары бюджетке түсетін салық көлемі төмендеп келеді. Егер 2005 жылы бюджетке түскен салық жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 26%-ын құраса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 12-13%-дан аспайды.
Салық реформасы: ҚҚС шегін көтеру мәселесі
Сарапшы қазіргі экономикалық жағдайда ҚҚС мөлшерін 12%-дан 16%-ға көтеру мәселесінің қарастырылып отырғанын айтты.
«ҚҚС – бюджетті толтырудың ең тиімді фискалдық құралдарының бірі. Ол өз ішінде өзіндік бақылау механизмдерін қамтиды. Себебі қосылған құн салығын төлейтін компаниялар өз серіктестерінің де осы салықты төлеуін қалайды. Сонымен қатар, бұл сыртқы сауда айналымын реттеудің маңызды механизмі,» – деп атап өтті Жақсыбек Құлекеев.
Ол Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынасына да ерекше тоқталды. Ресей – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі, әрі импорттың 40%-ы осы елден келеді.
«Ресейде ҚҚС мөлшері 20%, ал бізде – 12%. Бұл айырмашылық ресейлік өндірушілерге бәсекелестік артықшылық береді. Себебі Ресей кәсіпкерлері ҚҚС-тан босатылып, біздің нарыққа жеңілдетілген салықтық шарттармен кіре алады. Сондықтан бізге ҚҚС мөлшерін Ресейдегі деңгеймен теңестіру керек,» – деді сарапшы.
ҚҚС-тың қымбатшылыққа әсері
ҚҚС-тың өсуі тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына алып келетіні анық. Сарапшының айтуынша, қосылған құн салығы жанама салық болғандықтан, оның ауыртпалығы түптеп келгенде қарапайым тұтынушыларға түседі.
«ҚҚС-тың өсуі халықтың күнделікті тұтынатын тауарлары мен қызметтеріне тікелей әсер етеді. Сондықтан Үкімет салық жүктемесін теңестіру мақсатында әлеуметтік салықтарды алып тастау немесе оңтайландыру мәселесін қарастыруы керек,» – деді ол.
Жақсыбек Құлекеев Үкіметтің салық реформасын қолдайтынын, алайда оның әлеуметтік салдары жан-жақты зерттелуі тиіс екенін атап өтті.
Салық реформасы – уақыт талабы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда салық реформасының қажеттілігіне ерекше тоқталып, батыл шаралар қабылдау керектігін айтты. Үкіметтің бұл бағытта жасаған қадамдары мемлекеттік қаржы жүйесін тұрақтандыруға, сондай-ақ экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған.