Фото: 018.kz
ҚР Ұлттық экономика вице-премьер-министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарына Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерді таныстырды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Біріншіден – ҚҚС мөлшерлемесі 16% болады. Екіншіден – ҚҚС-қа қатысты шек. ҚҚС шегін 40 млн теңге деңгейінде белгілеу ұсынылады. Үшіншіден – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, кітап басып шығару, археология – ҚҚС төлеуден босатылады», – деді Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында.
Әлеуметтік сала мен денсаулық сақтау саласында Үкімет ҚҚС-тан босатылатын дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін анықтайды. ҚҚС тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. Бұл жағдайда ҚҚС мөлшерлемесі 10% болады.
«Әлеуметтік саладағы КТС (корпоративтік табыс салығы) – 2026 жылдан бастап 5%, 2027 жылдан бастап 10% болады. Бесінші – банктік операциялар ҚҚС-пен салықталады. Олардың бағасы өсіп кетпеуі үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп, қазіргі бағалардың негізділігіне талдау жүргізеді», – деді вице-премьер.
Арнайы салық режимі бойынша «рұқсат беретін емес, тыйым салатын тізім» енгізіледі.
«Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат беріледі. Жетіншіден – ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін қазіргі жүйе сақталады. Яғни, 70% жеңілдік қала береді», – деді Жұманғарин.