Осы әнмен жағдайын жасады: Абай Бегей өзінің бағын ашқан әннің авторына небәрі 10 мың теңге төлеген (видео)

Танымал әнші Абай Бегейдің бағын ашқан «Аспанға қараймын» өлеңіне ән жазып берген композитор қазір такси жүргізушісі болып жүр, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі.

Композитор Дәуір Абайұлы бүгінде несиеге алған көлігі арқылы таксилетіп күн көріп жүр. Оның хит болған әнін Абай Бегейге әнші Лұқпан Жолдасов арқылы берген. Күнкөріс қамы үшін ол қазір такси жүргізеді. Ал осы ән арқылы танымал болған әнші сол кезде авторға небәрі 5-10 мың теңге ғана берген көрінеді. Такси жүргізушісі әншіге деген ренішін жеткізді.

«Шынын айтқанда, қазір шығармашылықтан жырақтап қалдым. «Аспанға қараймын» әні хит болды. Бірақ, маған одан келген пайда «Қызылорданың Дәуір деген жігіті екен» деген халықтың сөзі ғана. Одан басқа байлығы да, пайдасы да болған жоқ. Абай Бегеймен қазір қарым-қатынасымыз қатты жақын деп те айта алмаймын. Бір-екі рет көмек сұраған соң «жоқ» деді, мен қойдым. Ол осы әннің арқасында жағдайын жасады. Бір хабарласып, «Дәке, қалайсың?» деп сұрауға болар еді. Ақшалай көмек сұрағанымда «жоқ» деді. Оған дейін де арамызда түсінспеушілік, кикілжің болғаны рас», — деді композитор Дәуір Абайұлы «Астарлы ақиқат» бағдарламасында.

Композитор қазір несиеге алған көлігімен күн көріп жүрмін дейді. Ол өзінің Абай Бегейге қатты өкпелі болғанын жасырмады. . Студияға келген қонақтардың сөзінше, әнші Қазақстанда тұрып қор болған, ол басқа елде болғанда оған хит әні үшін қырауар ақша түсіп, миллионер болатын еді.

«Табысым өзіме жетеді. Несиеге алған көлік, айына 148 мың теңге төлеймін. Барлық несием 298 мың теңгеге тең. Күніне 10 мың теңге табамын. «Аспанға қараймын» әні Ұлықпан Жолдасовтың өтінішімен Абай Бегейге берілген болатын. Ұлықпан ағам «Абайдың жасы 40-қа келді, бірақ әлі хит әні жоқ» деген еді. Ол кезде Абайдың жағдайы жоқ болған. Шақырып алып, 5-10 мың теңгем бар еді деді. Артынан одан қанша алғанымды санаған да жоқпын. Солай ұмытылып кетті. Ол кездері Абайға қатты ренжіп жүрдім. Менің атымды жасыруға тырысты. Ол жағдайдан кейін әншілермен жұмыс істегім қалмай қалды. Үкімет тарапынан гонорар түсіп тұрды. Соңғы 6-7 жылда ол да тоқтап қалды. Сондықтан жан-жақтан нәпақа іздеп, такси жүргізушісі болып кеттім», — дейді Дәуір Абайұлы.

Такси жүргізушісі тағы бір хит болған «Шанс» деген әнін «Диета» тобына берген.

(297) Астарлы ақиқат: Хит өмір ме, ит өмір ме? — YouTube

 

68