Қостанай облысында полицейді кек алу үшін өлтірген тұрғын өмір бойына сотталды

Фото: Pixabay.com

Полицейді кек алу мақсатында өлтірген Қостанай облысының тұрғыны өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.

Қостанай облысы Ұзынкөл ауылында бұрын сотталған ер адам Ұзынкөл аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерінің үйіне келгенін күтіп тұрған. Бұрын полицей ер адамның қылмыстық ісін тергеген екен. Оның қызметі мен кәсіби борышына байланысты кек алу мақсатында ер адам оның өмірлік маңызды мүшелеріне көптеген пышақ жарақаттарын салған. Полицей оқиға орнында мерт болды. Одан кейін қылмыс ізін жасыру мақсатында оның денесін үйдің ауласына жасырып, полицей мен оның үйіндегілерге тиесілі заттар мен азық-түліктерді ұрлап, қашып кеткен.

Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 2 және 5-тармақтарында көзделген ”Қасақана адам өлтіру, қызметтiк әрекеттердi орындаған, кәсiптiк немесе қоғамдық борышын адамды ерекше қатыгездiкпен өлтіру” және 188-бабының 1-бөлігі “Ұрлық” бойынша іс қозғалды.

“Сот анықталған мән-жайларды, жасалған қылмыстың ауырлығы мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ кінәлінің жеке басын ескере отырып, сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын төтенше қауіпсіздік жүйесінің мекемелерінде өтеу туралы үкім шығарды. Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың  5 миллион теңге азаматтық талап арызын қанағаттандырды”, – делінген хабарламада.