Батыс Қазақстан облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің бөлім басшысына 184,6 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Шекара қызметі департаментінің бөлім басшысы жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, көлік тізгіндегені анықталды.
«Ол 2024 жылғы 14 мамырдағы қаулыға сәйкес көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған. Алайда 2024 жылы 15 қыркүйекте Орал қаласында автокөлік құралын басқару кезінде қайта ұсталған. Сот отырысында азамат С. көлік құралын басқару фактісін жоққа шығармай, жазаны айыппұл түріндегі өндіріп алумен шектелуді сұрады», — деп хабарлады облыстық сот.
Сот оны кінәлі деп танып, оған 184 600 теңге әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолдануды қаулы етті.