Оралдағы консерві зауыты маңайдағы үйлердің бәрін сүргізіп тастамақ: 400-дей отбасы далада қалады

Үйді салған құрылыс компаниясы заңсыз әрекетті біле тұра тұрғындарға кілтті таратып берген.

Орал қаласындағы консерві зауытының ұжымы кәсіпорын іргесінде салынып жатқан көпқабатты үйлердің құрылысын тоқтатып, сүруді талап етті. Айтуларынша қалалық әкімдік өндіріс орнының санитарлық-қорғау аймағынан заңсыз жер беріп, құрылыс жүргізуге рұқсат еткен. Кәсіпорын басшылығы болашақта тұрғын үй кешенінің иелері зауыт жұмысына шағымданатынына күмән келтірмейді. Оның соңы өндіріс орнының жабылуына әкелуі мүмкін деп қауіптенеді. Ал жаңа үйлерге 400-дей отбасы қоныстануы тиіс. Олардың қатарында өз пәтерінің ақысын төлеп, ипотекалық несие рәсімдеп қойғандар да бар, — деп хабарлайды qazaq.today сайты Azattyq Rýhy тілшісіне сілтеме жасап.

«ҚҰРЫЛЫС ЗАҢСЫЗ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР»

«Кублей» – Қазақстандағы ең ірі консерві зауыты. Кәсіпорын мен қалалық әкімдік және құрылыс компаниясы арасындағы дау 2 жылға жуық жалғасып келеді. 2020 жылы «Ирменов» жеке кәсіпкерлігі «Орал Полимер» серіктестігінің тапсырысы бойынша тұрғын үй кешенінің құрылысын бастайды. Зауыт басшылығы оған үзілді-кесілді қарсылық танытып, құзырлы органдарға шағымданады.

«Санитарлық аумақта құрылыс басталғанын 2020 жылдың көктемінде білдік. Бірінші үй зауыттан алысырақ салынды. Содан кейін екіншісінің құрылысы басталды. Біз бірден сотқа шағымданғаннан кейін құрылыс тоқтатылды. Одан кейін қарсы тарап аппеляциялық шағым келтірді. Қазір де құрылысты жалғастыруға рұқсат жоқ. Бірақ құрылыс компаниясы тарапынан заңсыз әрекеттер тыйылмай тұр. Сот тоқтатқан құрылыс жұмысын олар өз бетінше жалғастырып жатыр. Мақсаты – үйді тезірек салып, тұрғындарды қоныстандыру. Көпшіліктің зауыт жұмысына шағымданатыны анық. Өйткені, өндіріс орны маңында жүк көліктері көп жүреді, қондырғылардың шуы бар. Содан кейін кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін. Мен осындай жағдайларда алдын ала көрген соң өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын», — дейді консерві зауытының заң бөлімінің жетекшісі Гүлфия Қалиева.

«ЖҰМЫСЫМЫЗДАН АЙЫРЫЛҒЫМЫЗ КЕЛМЕЙДІ»

Консерві зауытының ашылғанына 30 жылға жуық уақыт болған. Қазір нысанда 650 адам еңбек етіп жүр. Көпшілік жұмысынан айырылғысы келмейді.

«Біз халық тұтынуға арналған тауарларды шығарамыз. Бізде консерві зауытымен қатар, мал соятын зауыт бар. Жергілікті фермерлер малын тапсырады. Ол сойылып, шикізат өндіріс орнына келеді. Еңбек династиялары жетерлік. Қызмет етіп жүргендер қатарында ата, бала, немерелер бар. Ұжым жақсы болғандықтан бәрі осында келеді. Қазір күтпеген жерден проблема пайда болды. Іргемізде тұрғын үй кешені салынып жатыр. Олар құрылысты ешқандай рұқсат қағазынсыз бастаған. Біз сотқа шағымданып, үй салу тоқтатылған еді.

Құрылыс компаниясы мен әкімдік қайтадан тұрғындар атынан жоғарғы сотқа арыз берген. Ол бірінші истанция, Орал қалалық сотына жіберді. Енді ешқандай шешімі шығарылмағанына қарамастан құрылыс компаниясы жұмысын жалғастырып жатыр. Бізде үлкен тоңазытқыштар бар, иіс болады. Әрине, бәрі нормаға сай. Дегенмен, тұрғындарға кедергі келтірері анық. Олар 50 метр жерде үй салып жатыр. Жұрт қалай ұйықтайды? Осы жерден үй салуға орын берген қалалық әкімдікті түсінбеймін. Күн сайын үлкен көліктер жүреді. Балалар бұл жерде қалай ойнамақ? Белгілі бір қауіп бар. Ал біздің шырылдап жатқанымыз – жақсы жұмыстан айрылғымыз келмейді», — дейді зауыт жұмысшысы.

ҮЙЛЕР СҮРІЛСЕ ШЫҒЫН ӨТЕЛЕ МЕ?

Бастапқыда бұл жер зауыттың санитарлық-қорғау аймағы болғанына қарамастан қалалық әкімдік құрылыс жүргізуге рұқсат берген.

«Іс бірнеше сотта қаралса да, алға жылжымай отыр. Біз екі жылдан бері консерві зауытынан заңды сақтауын сұрап келеміз. Олардың айтуынша салынып жатқан үйлердің жанында қауіптілігі 4-деңгейге жататын кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бірақ оны дәлелдейтін құжат жоқ. Бірнеше рет зауыт басшылығына келісім жасауға тырыстық. 30 пәтерді тегін ұсындық. Кәсіпорын оны баспанаға мұқтаж жұмысшыларына бөліп беруіне болатын еді. Бірақ нәтиже болмады. Басшылығы 3 үйді сүруді талап етіп отыр.

Бірінші үй толықтай қолданысқа берілді. Жұрт тұрып жатыр. Ал екінші үйдің құрылысы аяқталған, бірақ құжаттары рәсімделмеген. Оған осының бәрі қолбайлау болып отыр. Біз үйге болашақ иелерін амалсыздан қоныстандырдық. Себебі олардың басқа тұратын жері жоқ. Бірақ бұл әрекеттің заңсыз екенін де білеміз. Ал үшінші үй «сақалды құрылысқа» айналды. Батыс Қазақстан бойынша басталып, аяқталмай тұрған нысандар жетерлік. Біз салып жатқан үй ол тізімді толықтыра түсті. Қандай да бір жағдай болса, «Ирменовке» олардың құрылысын аяқтау тиімсіз. Бос тұрған үйдің қандай орынға айналатыны айтпаса да түсінікті», — дейді құрылыс компаниясының адвокаты Светлана Кленина.

«2020 жылы біз үйге алғашқы жарна салып, пәтерлердің бірін алуға келістік. Себебі «Ирменов» үйді жақсы салады. Бағасы басқаларына қарағанда біршама арзан. Бірақ әлі күнге дейін сот жалғасуда. Соның кесірінен бәрі созылып кетті. Өз үйін сатып, ақшасын пәтерге салғандар да бар. Біз үйлердің сүрілмегенін талап етеміз», — дейді тұрғын.

Өндіріс орнының іргесінен салынып жатқан 4 үйде 400-ге жуық пәтер болуы тиіс. Екеуіне иелері қоныстанып үлгерді. Сот оларды сүру жөнінде шешім шығарса, тұрғындардың шығыны өтелер-өтелмесі белгісіз.

 

27