Оралдағы оқыс жағдай: тікұшақ қаладағы ғимараттың ауласына шұғыл қонды

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы Орал қаласының орталығына шұғыл қонды. Тікұшақ бір күн бұрын ғана дүниеге келген баланы санавиациямен тасымалдау үшін Бөрлі ауданы Ақсай ауылынан ұшып келген, деп хабарлайды Qazaq.today.

Нәрестенің ауыр жағдайына байланысты оны Орал қаласындағы облыстық көпсалалы балалар ауруханасына шұғыл жатқызу қажет болды.

«Әр секундтың маңыздылығын ескере отырып, БҚО ТЖД басшылығы денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, тік ұшақты медициналық мекеменің аумағына қондыру туралы шешім қабылдады», — деп жазылған Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

ТЖМ ұшқыштарының жоғары кәсібилігінің арқасында шұғыл тасымал сәтті жүргізіліп, кішкентай науқас анасымен бірге денсаулық сақтау қызметкерлеріне аман-есен табысталды.