Оралда құбырда апат болып, облыстық онкодиспансер сусыз қалды

Орал қаласында су құбырындағы апатты жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Батыс су арнасы» ЖШС-дан мәлім еткеніндей, Жамбыл және П.Садомсков көшелерінің қиылысында диаметрі 600 мм су құбырында апатты жағдай болды.

«Осыған байланысты облыстық онкологиялық диспансер, сот сараптамалары орталығы, MIG Qazaqstan ядролық медицина орталығына бүгін сағат 12.00-ден бастап салқын су беру тоқтатылды. Сондай-ақ П.Садомсков, Жамбыл, Б.Мұхамбетов, Теректі, Ақмола, Жаңақала көшелерінде орналасқан жеке үйлерде су болмайды. Апатты шамамен сағат 20.00-ге дейін жою көзделіп отыр», — деп хабарлады ведомстводан.