Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық унверситетінің студенттері оқу ғимаратында білім ала алмай жүр. Болашақ химиктер, физиктер кабинеттерге ғана емес, зертханаларға кіре алмай қалған. Жөндеу жұмыстарының аяқталмауы жас мамандардың жоспарлы білімді дер кезінде алуына кедергі тудырып келеді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық порталы Azattyq Ruhy сілтеме жасап.
«Біз тек заңды жұмыстарды ғана атқарамыз. Әділетті Қазақстанда, құқықтық қоғамда әрбір ұйымның мәселесі пикетке шығу немесе ақпараттық шабуылдарды ұйымдастыру арқылы емес, тек құқықтық ортада шешілуі тиіс. Шарт жасасқанда екі тараптың өкілдері де қол қойған. Сәйкесінше әрқайсысы келісімшарттағыдай міндетін атқаруы керек. «Сұңқар» ЖШС университеттің ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша жарияланған тендерді ұтты. Бастапқы бағаның құнын 69 пайызға дейін түсіру арқылы тендерді ұтып алған. Ең төменгі бағаны ұсынумен тендерде жеңімпаз болса да жұмысқа келгенде жауапсыздық танытты. «Сұңқар» компаниясы бізге келісімшартты созуды ғана емес, ақысын қосымша көтеруді де сұраған. Біз бұл әрекетті дұрыс деп есептемейміз. Тендерді басқа бағамен ұтып алып, кейін тағы ақы сұрау заңсыздық. Тіптен келісімшартта көрсетілмесе де алдын ала аванс сұрады», — деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төраға-ректоры Дархан Біләлов.
Аталмыш оқу орнының мәліметінше, 4 мамырда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ЖОО-ның №1 оқу ғимаратының ішінде жөндеу жұмысын жүргізуге ашық конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған. Тендердің жалпы сомасы – 141 миллион теңгеге жуық. Қосымша құн салығын есептемегенде тендерді 89 миллион теңгеге дейін түсірген «Сұңқар» ЖШС жеңімпаз болып шыққан.
Ректордың айтуынша жеңімпаз компанияның кесірінен енді студенттер оқу ғимаратына кіре алмай әлек. 7 қабатты ғимараттың ішкі жұмысы жеті айдан бері бітер емес. Терезе, есіктің жақтаулары ашық-шашық, жел үрлеп, ар жағынан дала көрінеді. Тіптен бір кілтпен оншақты кабинеттің құлпын ашуа беруге болады. Айтуынша табалдырықтар ойылып, қабырғалар қаңғырлап тұр. Мұндай сапасыз, шала қалған жұмыстар ғимараттың әрбір қабатында кездеседі.
«Бұл компания өздеріне тиесілі жұмысты уақытында аяқтамады. Уақытын тағы бір айға создық. Сонда да жұмысын аяқтамады. Ақыры 14 қараша күні біржақты келісімшартты бұзып, сотқа беруден басқа амалымыз қалмады. Барлық дәлелдеме қолымызда бар, акт толтырылған. Жыл сайын шамамен 600 шақты мемлекеттік сатып алу өткіземіз. Тек биылдың өзінде онға жуық жөндеу жұмысы жөнінде тендер өтті. Барлығы өз міндеттемелерін орындады, тек осы «Сұңқар» компаниясы ғана дау туғызып отыр.
Бұл мемлекеттік оқу орны болып есептеледі. Қарапайым ауылдан келген студенттер оқиды. Олардың ата-аналары ақы төлейді. Сондықтан заңсыздыққа бара алмаймыз. Егер мұндай компанияны сотқа бермесек, біз де заң бұзған болып есептелеміз. Бұл оқу орнында болашақ химиктер, физиктер оқуы керек. «Сұңқар» компаниясының жауапсыз, салғырт жұмысының кесірінен студенттер өз ғимаратында білім ала алмай жүр, тиісінше зертханаларда зерттеу жасай алмай отыр. Себебі компания оқу процесіне кедергі келтіріп жатыр», — деді университеттің ректоры.
Қазір университеттің арызы бойынша сот жүріп жатыр. Ректоратқа кезекті рет аттандап келген құрылыс компаниясының басшылары сотсыз-ақ қалған қаражатты аламыз деп жүр. Олардың пікірінше, жұмыс «ойдағыдай аяқталған», ал ректорат өздеріне 32 миллион теңге қарыз.