Мемлекеттің мемлекет екенін айқындайтын белгілері ол Туы, Елтаңбасы және Әнұраны. Біз осы рәміздеріміздің авторлары демей-ақ қояйын, Елтаңбамыздыа танимыз ба?
Бұлай деуімнің себебі, «Жаңа Адамдар» деген жастар қозғалысы Алматы мен Астанада Қазақстан Республикасының Елтаңбасының 6 түрін көрсетіп, қазіргісі қайсы деген сауалнама жүргізіпті. Сауалнамаға 500-ден аса адам қатысқан. Қорытындысын естіп отырған орындығымнан құладым. Халықтың 30% ғана дұрыс тапқан! Жетпіс пайызы таба алмаған!
Отанды сүю кішкентай ғана нәрседен басталады! «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ! Балабақша мен мектептерде идеологиялық тәрбиені күшейту қажет! Мектептерде ашық сабақтар өткізіп, әрбір детальін талдамасақ та көргенде ұялмай көрсететіндей болайық та.
Бағанағы 70% деген шынымен шошытты. Біз ұлт ретінде жойылып кете жаздап Тәуелсіздікке әрең қол жеткізген халықпыз. Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман сау өткен ұлттың ұрпақтары мемлекеттік рәміздерді танымау бұл Ұят! Бұл үшін мемлекет қана емес, қоғам болып жұмыс істейік! Мектепке ғана сене бермей үйде де балаларға рәміздеріміздің тарихын айтып, насихаттай берейік!