Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа тұрмыстық қалдықтар полигонының жағдайына байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды Qazaq.today порталы Todayinfo.kz сілтеме жасап.
Үкімет басшысы экология министрлігінің тұрмыстық қалдық полигондарын экологиялық талаптарға сәйкестендіру жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізді.
«Қазіргі таңда полигондардың тек 20 пайызы ғана белгіленген экологиялық нормаларға сәйкес келеді. Бұл мәселе бойынша жағдай қалай?», – деп сұрады премьер-министр.
Министр Нысанбаевтың айтуынша, былтыр үкімет 100 жаңа полигон салу жөніндегі арнайы іс-шара жоспарын бекіткен. Алайда бүгінгі күні әкімдіктер оның тек жетеуін іске қосқан.
«Қазіргі уақытта 23 полигон бойынша құжаттар әзірленген, тағы 18 полигонның құжаттары дайындалуда. Ал қалған 52 полигон бойынша өңір әкімдіктері әлі жұмыс бастамаған. Нормаларға сай емес полигондардың басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан», – деді министр.
Министрдің сөзіне қарағанда, полигондардың стандарттарға сай келмеуінің негізгі себебі – қала мен ауылдарға қойылатын талаптардың бірдей болуы. Ауылдық жерлерде бұл талаптарды орындау үлкен қаржы шығындарын қажет етеді.
«Қазіргі уақытта Экологиялық кодекстегі талаптарды жеңілдету мәселесі қаралуда. Сонымен қатар, сіздің тапсырмаңыз бойынша полигондарды утилизациялық алым есебінен қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр», – деді министр.
Дегенмен, премьер-министр қабылданған шараларға қарамастан, жұмыстың баяу жүріп жатқанын атап өтті.
«Мақтанарлық нәтиже жоқ. Әкімдіктердің жұмысын үйлестіруде министрлік белсенді болуы керек. Қазір мұны байқап отырған жоқпыз», – деді Бектенов.
Еске сала кетейік, бұған дейін премьер-министр Батыс Қазақстан облысының әкіміне жолдардың сапасына қатысты сын айтқан болатын.