Биыл Францияның астанасы Париж қаласында алауы тұтанатын XXXIII жазғы Олимпиялық ойындарға Қазақстан құрамасы 26 лицензияны иеленіп отыр. Әзірше ел қоржынында спорттың 9 түрі бойынша жолдама бар.
«Атап айтқанда, бокстан – 7, нысана көздеуден – 5, садақ атудан – 4, тасжолдағы велоспорттан – 3, заманауи бессайыстан – 2, таеквандодан да 2, грек-рим күресі, еркін күрес және спорттық гимнастикадан бір-бір лицензия. Ал Паралимпиялық ойындарда өнер көрсететін пара спортшылар 11 жолдаманы алып отыр», – деп хабарлады qazaqstan.tv.
Олардың ішінде жекелей сындар бойынша пара пауэрлифтинг, пара каноэ, пара жеңіл атлетика, пара нысана көздеуден бір-біреуден, ал пара таеквондо мен пара жүзуден үш-үштен лицензия бар. Паралимпиадада ұлттық құрама команда отырып ойнайтын волейболдан да жарысқа қатысады.