Қою тұман: FlyArystan әуе компаниясының ұшағы Ақтауға екі рет қона алмады

Атырау қаласынан ұшып шыққан FlyArystan әуе компаниясының ұшағы Ақтауға қона алмады. Әуе компаниясының Атырау-Ақтау бағытындағы KC7277 рейсін ауа райына байланысты кейінге қалдырғаны белгілі болды, деп хабарлайды Qazaq.today.

Рейс 2 қарашада сағат 21:50-де ұшып шыққан, бірақ ұшақ қона алмады.

 — Ақтау қаласындағы ауа райының ахуалына байланысты (атап айтқанда, қою тұман және сәйкесінше көру мүмкіндігінің барынша төмендігі салдарынан) ұшақты қондыру мүмкін болмады. Атырау қаласына қайта қайту туралы шешім қабылданды, — делінген ресми хабарламада.

Екінші рейс бүгін сағат 06:50-де орындалды. Бірақ Ақтаудағы қолайсыз ауа райына байланысты ұшақ тағы да Атырауға қайта оралды. Әуе компаниясы рейстің жоспарланған үшінші ұшып шығу әрекеті туралы хабарлады. Алайда әлі оның қалай орындалғаны туралы ақпарат жоқ.