Павлодарда болған оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер шықты. Пышақтан алтыншы сыныпта оқитын екі оқушы жарақаттанған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы қалалық білім бөліміне сілтеме жасап.
12 қыркүйекте Павлодар қаласының білім бөліміне 6-сынып оқушыларының пышақтан жарақаттанғаны туралы ақпарат келіп түскен. Бұл туралы білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдралин Instagram-дағы парақшасында хабарлады.
«Тексеру барысында, 11 қыркүйек күні түстен кейін 6-сынып оқушылары ойнап жүргені анықталды. Оқушылардың бірінің қолында «Эрзи» дүкені маңынан тапқанын айтқан бүктемелі пышақ болған. Бір кезде оқушы екі баланы жарақаттады. Сол күні олар мектепке бармаған, ата-аналарына айтпаған, сол күні ата-аналары балалардың жарақаттарын байқап, ауруханаға жүгінген. Оқиға мектептен тыс жерде болған», — деп мәлімдеді Қуаныш Қыдралин.
Қазір оқиға туралы учаскелік полиция инспекторларына хабарланып, тексерулер жүргізіліп жатыр. 13 қыркүйекте кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиналысқа оқушылардың ата-аналары қатысты.
«Комиссия отырысының қорытындысы бойынша, мектеп әкімшілігіне шабуыл жасаған оқушыны тергеу амалдары аяқталғанша қашықтан оқытуға көшіру ұсынылды. Жарақаттаған оқушы осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап басқа мектептен ауысып келген,» — деп түсіндірді Павлодар қаласы білім бөлімінің басшысы.
Оқушылар арасында профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді. Сондай-ақ қамқорлық кеңес пен ата-аналар қауымдастығымен кездесулер ұйымдастырылып, мән-жай түсіндіріледі.
Фото: freepik.com