«Өзі жазғанына күмәнмен қараймын»: Қалдыбек Құрманәлі әнұраннан Назарбаевтың атын алып тастауды ұсынды

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, сазгер Қалдыбек Құрманәлі еліміздің әнұранына автор болған экс президентті алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі. 

Сазгер бұл туралы “Ашық подкаст” алаңында берген сұхбатында айтты.

“Осыдан 70 жыл бұрын “Менің Қазақстаным” әні жазылды. Анығында  1956 жылы 25 қазанда дүниеге келді. Өлеңін жазған Жұмекен Нәжімеденов, небәрі 21 жаста болған. Шәмші Қалдыаяқов әнін жазған. Оның жасы 26 жаста болған. Кейін күллі мемлекет шырқайтын әнұранға айналды. Авторына Нұрсұлтан Назарбаевты қосып қойды. Бірақ Назарбаевтың өзі жазғанына күмәнмен қараймын. Басқа бір ақынға қолға салған сияқты. Бұл енді жеке ойым. Қазақтың жағымпаздығы қашан да өзімен бірге еріп жүреді. Қазақтың бәрінің өнерге таласы бар. Кімнің қолында билік бар, соған жалпақтаймыз. Алдына түсіп, барымызды береміз. Сол дұрыс емес.  Маңайында жүргендер «Ой, сіздің өлеңіңіз күшті ғой, әнді жақсы айтасыз, даусыңыз керемет» деп өзіміз қолпаштайды, қолтығына су бүркиді. Анау соған сеніп қалады. Назарбаевқа да сөйтті деп ойлаймын. Әйтпесе Назарбаевқа сол әннің мәтінін жазғаннан абыройына абырой қосылған жоқ қой. Әлі күнге дейін сынап жатыр. Авторлар қатарынан сызып тастау керек”, – деп пікір айтты сазгер.