Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның 20-21 жастағы төрт азаматы Оңтүстік Кореяда жол апатынан қаза тапқанын растады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Шетелдік БАҚ қайғылы оқиға туралы наурыз айының соңында хабар таратқан болатын.
«Осыдан бір жарым не одан көп ай бұрын біздің төрт жас жігіт жол апатынан қаза тапты. Олар автожолда қатты жылдамдықпен жүріп келе жатып, бағанға соғылған. Бәрі сол жерде мерт болды. Біз туыстарына көмектестік, консулымыз барлық мәселені оларға түсіндіріп берді», — деді Смадияров Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, қаза тапқан отандастарымыз – 20-21 жастағы жігіттер. Оңтүстік Кореяда әртүрлі мақсатпен барған: біреуі студент, кейбірі жұмыс істеп жүрген.