Нығматулиндер иелігіндегі Қазфосфат зауытында төтенше жағдай орын алды

«Қазфосфат» ЖШС мәліметінше, Тараздағы зауытта түтіннің шығуы абсорбердің моногидрат сорғышының істен шығуынан болған. Бұл туралы qazaq.today сайты orda.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Тараз қаласының тұрғындары тұманды түтіннің бірнеше күн бойы қаланы басып қалғанын айтып дабыл қағуда.

«Түсініксіз тұманнан айнала анық көрінбейді, қолаңсы иіс тамақты ашытып, көзден жас ағызады», — дейді тараздықтар.

Жергілікті Төтенше жағдайлар қызметі әзірге мұның не екенін ашып түсіндіре алмай отыр. Олар жағдайды анықтап жатқандарын айтқан.

Кәсіпорын басшылығы санитарлық-қорғау аймағы шекарасында, қаланың жақын маңдағы көшелерінде және шығарындылардың негізгі көздерінде атмосфералық ауаны өлшеу жұмыстарын ұйымдастырды. Жүргізілген талдаулардың нәтижелері бойынша ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кету анықталған жоқ.

«Қазфосфат» ЖШС бас директоры Нұрланов күкірт қышқылы цехында орын алған келеңсіздіктерді жою, сондай-ақ алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдау жөнінде тапсырмалар берді.

Тараз билігі экологиялық жағдайдың тұрақты екенін және қала тұрғындарының денсаулығына ешнәрсе қауіп төндірмейтінін мәлімдеді.

Жамбыл облысы бойынша экология департаменті зертханасымен бірлесіп шығарындылардың негізгі көздері бойынша көміртек тотығы, азот оксидтері, аммиак, фторид сутегі сияқты ластаушы заттардың құрамы бойынша жүргізілген іріктеулер рұқсат етілген шығарындылар шегінде екені анықталды.

Сонымен қатар, нақты уақыт режимінде автоматтандырылған бақылау жүйесі бойынша фторид сутегі шығарындыларының негізгі көзінде артық көрсеткіш тіркелген жоқ.

Қазір минералды тыңайтқыштар зауыты қалыпты жұмыс істеп тұр. Шығарындылардың барлығы үздіксіз бақылауда болады.