ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Қайрат Заманбекұлы Нұрқаділов сайлауға түсуден бас тартып, мәлімдеме жасады. Ол қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлына қолдау білдіретінін айтты.
«Мен, Нұрқаділов Қайрат Заманбекұлы, Қазақстан халқының және өзімнің ар-ожданым мен намысымның алдындағы жауапкершілігімді сезіне отырып, мынаны мәлімдеймін:
ҚР заңнамаларына сәйкес азаматтық құқығымды пайдаланып, биыл, яғни 2023 жылы 19 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына қатысу үшін Алматы облысының № 11 сайлау округіне тіркелген кандидаттығымды кері қайтарып аламын.
Алдағы уақытта елімізде саяси жаңғырулар мен жаңарулар үдерістерін заңды да әділ әрі батыл жүргізу үшін ҚР Парламентіне саяси-қоғамдық күрестерде мол тәжірибе жинақтаған; Қазақстанның барлық аймақтарына табанды қайраткерлігімен танылған; адалдығымен де, әділдігімен де мойындалған озық ойлы, тың идеялы, құқықтық сауаты жоғары, жаңа көзқарастағы күрескер тұлғалар келуі керек. Ондай тұлғаның бірі де бірегейі — Рысбек Сәрсенбайұлы деп білемін. Сондықтан да №11 округтегі жалғыз орынға сол кісінің өткенін қалаймын. Қалағанымды ісіммен дәлелдеу үшін мен кандидат Рысбек Сәрсенбайұлының сайлауалды үгіт-насихаттық жұмыстарына қолымнан келетін көмектің бәрін жасаймын.
Өзге кандидат әріптестерімді де осындай азаматтық қадамға шақырамын»,-деп жазды Қайрат Нұрқаділов.
Qazaq.today