Қазақстандық боксшылар Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбайдың ата-анасы ұлдарының жеке жаттықтырушысы Асқар Еркебаевқа көлік мінгізді. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ағайынды Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбайдың жеке бапкері Асқар Еркебаев Instagram желісіндегі ресми парақшасында шәкірттерінің ата-анасы оған көлік сыйлаған видеосын жариялады.
«Асекеңнің туған күніне орай оған көлік сыйламақшымыз. Отбасымыздан атынан құттықтап жатырмыз. Темір тозса да, өздері тозбасын», — деді боксшылардың әкесі Рахат Қуандықов.
Асқар Еркебаев та көрсетіліп жатқан сый-сияпатқа өз ризашылығын білдірді.
«Өнегелі отбасыдан үлгілі ұрпақтар өседі. Шәкірттерім мен ата анасының еңбегімді ерекше елеп, құрмет, сый-сияпат жасап жатқандарына Алла разы болсын. Шәкірттерім өсті, енді маған мотивация беріп жатыр деген осы сәт екен… Бір бірлерімізге деген құрмет-сыйымыз ешқашан таусылмасын», — деп жазды Асқар Еркебаев әлеуметтік желідегі парақшасына.
Айта кетейік, Асқар Еркебаев – ағайынды боксшылар Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбайдың жеке жаттықтырушысы. Парижде өткен жазғы Олимпиадада да шәкірті Нұрбек Оралбай күміс медаль иеленген еді.
Фото: instagram.com/askar_yerkebayev