Белгілі қазақстандық әнші Нұрлан Албан мектеп бітірген ұлы Исламмен бірге марқұм анасының қабіріне барып, құран оқып, оны еске алды. Бұл сәттің видеосын олар әлеуметтік желіде жариялап, көпшіліктің көңілін босатты,деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Әнші видеода былай деді:
«Мінекей – әжесінің ұлымен бірге тұрмын. Шеше-ау, Исламың келді. Исламың келді! Құдайға шүкір, ұлыңның бойы менен биік. Үлкен жігіт болды. Бірақ бізде сен жоқсың. Исламың сені ұмытпайды. Ислам – сенің балаң ғой, шеше. Жатқан жерің жайлы болсын! Рухың көкте шалқысын. Исламыңды бүгін мектеп бітіріп жатса да олимпиадаға алып бара жатырмын, шеше. Бақұл бол!»
Нұрлан Албанның бұл шынайы және эмоцияға толы видеосы әлеуметтік желіде түрлі пікірлер тудырды. Желі қолданушылары пікірлерінде:
- «Соны камераға айту керек па?»
- «Анаңыздың жаны жәннәтта болсын!»
- «Көңілім босап кетті ғой…»
- «Исламға ақ жол!»
деген пікірлерін білдірді.
Көпшілік бұл әрекетті рухани тәрбие мен отбасылық құндылықтарды насихаттау ретінде қабылдаса, кейбіреулері бұл сәттің жеке қалуы керек екенін жеткізді.