Неке дауы: Қандай қаржылық мәселелерді шешуге тура келеді?

Фото: Pixabay

«Қазақстандықтар үйленуге асықпайды» деген жаңалық БАҚ беттерін жаулады.  Соңғы 10 жылда ажырасушы жұптардың саны екі есе өскен. Бүгінде некелесушілердің де саны азайғанын ресми статистика растап отыр. Ал ажырасқан жұптарды қандай қаржылық мәселе күтіп тұр? Qazaq Today ақпарат агенттігі осы сұрақ төңірегінде qarzhylyq_sauat телеграм арнасы түсінікті тілмен ұсынған мәліметпен бөліседі.

Ажырасу бір бөлек, есептесу де өз алдына бір бөлек шаруа.  Tengrinews.kz сайтында заңгер Ержан Бекболат: «қызықтың көкесі» мүлікті бөлуге келгенде басталады» дейді. Дау-жанжал, жұптардың түсінісе алмай «қырықпышақ» болуы осы процесс кезінде «сорпа бетіне көбік» боп шығады.

Жалпы, «неке келісімшарты» деген бар. Үйленіп жатқандар нотариус арқылы алдын ала келісімге отырады. Күні ертең ажырасып жатса, «мына заттар – сенің атыңда, мына дүние – менің атымда қалады» дегенді шешіп алу үшін жасалатын құжат. Егер жұбайлар арасында ол келісім қағаз жүзінде болмаса, онда тиісті Кодекске сәйкес мүлік сот шешімімен екі жаққа тең бөлінеді.

Бұл – бір. Енді екінші маңызды мәселе бар. Ол – жұбайлар арасындағы кредит пен қарыз мәселесі. Заңгердің айтуынша, неке кезінде отбасының қажеттілігі үшін кредит немесе қарыз алынған болса, онда оның қайтарымы ажырасушы жұптың екеуіне қатар жүктеледі. Егер алынған кредит немесе қарыз жұбайлардың бірінің ғана қажеттілігіне жұмсалған болса, онда қарызды өтеуге сол адамның өзі жауапкершілік алады. Екі жақ келісе алмай, жағдай тіпті ушығар болса, онда несие беруші тарап, яғни банк немесе микроқаржы ұйымы қарызды екінші адамнан да талап етуге құқылы, дейді заңгер Ержан Бекболат.

Айта кетейік, банктер несие алуға өтініш бергенде әрқашан ерлі-зайыптылардың келісімін талап етеді.