Әңгіме өзі-ақ эмоцияны босатудың жақсы тәсілі болып табылады, ал өсек – бұл үнемі эмоционалдық реңкі бар, адамды толғандыратын тақырыптағы қарым-қатынас. Бұл жөнінде психолог Елизавета Куликова пікір білдірген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Маманның айтуынша, өсек айту процесі – қызғаныш, қорқыныш және т.б. секілді эмоция немесе сезімді бастан кешірудің бір құралы.
Бұған қоса, бірқатар зерттеулер мазасыз тақырыпты талқылау кезінде жүрек соғысының жиілігі төмендейтінін көрсеткен. Осыдан өсектің адамға белгілі бір тыныштандырғыш әсері бар екенін байқауға болады.
«Сол себепті өсек айту жалпы стресстік фонды төмендетуге көмектеседі», – дейді Елизавета Куликова.
Сондай-ақ, психолог АиФ басылымына берген сұхбатында өсек айтуға деген құлшыныс пен адамның өзін-өзі бағалауының арасында нақты байланыс жоқ екенін атап өтті.
Өсекке итермелейтін себептер әртүрлі болуы мүмкін: қарапайым эмоционалды қозу, яғни адамды алаңдататын хабарды жеткізу арқылы ләззат алу ниетінен бастап, әдейі зиян келтіру мақсатындағы ниетке дейін.
«Өсек – бұл көбінесе құпия немесе тексерілмеген ақпаратты тарату. Мұның салдары болуы мүмкін, бірақ көбіне біз бұл туралы ойланбай, эмоцияға ерік береміз», – дейді Куликова.
Яғни, егер өсекті психологиялық стимул немесе эмоциялық шиеленісті түсіру құралы ретінде қарастырсақ, оның жағымды жағы бар екені байқалады. Дегенмен, өсек таралып кетіп, біреуге зиян келтіруі де мүмкін.
«Тексерілмеген ақпаратты біреуге айту не талқыламас бұрын, мұндай жылдам әрі жеңіл эмоциялық реакция зиян келтіруге тұрарлық па – соны өзіңізден сұрауыңыз керек», – деп түйіндейді психолог Куликова.