Мәжіліс депутаты Ринат Заитов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты сынға алды, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
Депутат егер экс-президент қайтыс болған жағдайда, оны ақтық сапарға шығарып салуға бармайтынын айтты.
«Ол жерде «жақсы адам ба еді?» деп сұрайды. Мен қалай оны жақсы адам дей алам, өтірік айта алмаймын ғой. Бармаймын. Менің барған, бармағаным маңызды емес», -деді депутат.
Сонымен қатар ол Назарбаевты 2008 жылдан бері сынап жүргенін айтты. Оның сөзінше, экс-президент қазақтың сорына басшылыққа келген адам.
«Назарбаев — қазақ даласына, сорымызға келген тұлға. Кезекті тұлға десек те болады. Мен мұны 2008 жылдан бастап айта бастадым ғой. Әлі де айтамын», — дейді Ринат Заитов Airan media-ға берген сұхбатында.
Ринат Заитов Назарбаевтың өзі кітабында айтқан екі ұлы туралы да пікірін білдірді. Журналист, «Экс-президенттің екі ұлын болашақта қазақ қоғамы қабылдай ма?» деп сұрады.
«86 жылы алаңға шыққан жастарды ұруға арматуға берген кім? Ол бертінге дейін жақсы қызметте болды. Оның әректеін бетіне басқан жоқ қой. Сол сияқты бәрі мүмкін. Оның екі ұлының бар екенін бәрі білдік ғой, тек білмеген сыңай танытты. Егер қазақ қоғамы оларды қабылдап, олар Қазақстан ішінде еркін өмір сүре берсе де таңғалмаймын. Халық шешсін. Өзінің тағдыры ғой. Мен қазір не деймін? Атып тастасын деймін бе, қамап тастасын деймін бе? Жаңа Қазақстан, ескі Қазақстан деген әңгіме осы жерден шығады», — деді депутат.